Таразда Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың ескерткіші ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісi, деп жазады ec-sport.kz.
Салтанатты рәсімге Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Д.Қонаев халықаралық қорының президенті Эльдар Қонаев, Мұхтар Әуезов қорының директоры Диар Қонаев, қаланың құрметті азаматтары, ардагерлер, жастар, жұртшылық өкілдері қатысты.
Ескерткіш Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілген орталық көшелердің бірінде, Қонаев халықаралық қорының Жамбыл облыстық бөлімшесі ғимаратының алдында, бұрынғы бюст орнында орнатылған.
Дәстүр бойынша жұртшылық Дінмұхамед Қонаевтың туған күнінде бұл жерге гүл шоқтарын қойып, ұзақ жылдар бойы республиканың бірінші басшысы қызметін атқарған және Қазақстан экономикасының, ғылымының, білімінің, мәдениеті мен өнерінің дамуына баға жетпес үлес қосқан тұлғаны еске алады, рухына тағзым етеді. Дінмұхамед Қонаев Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы (1960-1962 және 1964-1986 жылдары), КОКП ОК Саяси бюросының мүшесі (1971-1987 жылдары) болды, үш рет Социалистік Еңбек Ері атағын алды (1972, 1976 және 1982 жылдары).
Халықаралық Қонаев қоры 1992 жылы Дінмұхаммед Ахметұлының көзі тірісінде құрылған. Қор қызметінің Тұжырымдамасын өзі айқындаған. Қор ел экономикасын, әлеуметтік саладағы, мәдениеттегі, әдебиеттегі және өнердегі жетістіктерді қолдауды өз жұмысының негізгі міндеті ретінде айқындады. Сонымен қатар Қор жас ұрпаққа Дінмұхамед Қонаевтың қызметі негізінде патриоттық тәрбие беру бойынша жұмыс жүргізуде.
Қордың Жамбыл облыстық бөлімшесі 1996 жылы құрылған. Қор мүшелерінің бастамасымен Таразда қор ғимараты орналасқан бұрынғы Украинская көшесі Қонаев көшесі болып өзгертілді. Қор мұрағаттарында ұлы адамның өмірі мен қызметі туралы кеңінен білуге болатын кітаптар, фотосуреттер мен экспонаттар сақталған.
“Дінмұхамед Қонаев Жамбыл облысында жиі болатын. Халық оны әрдайым ерекше құрметпен қарсы алатын. Бұл туралы ақпаратты сол кездегі мерзімді басылымдардың беттерінен немесе әйгілі адамдардың естеліктерінен табуға болады. Дінмұхамед Ахметұлының еңбегі Қазақстан тарихына алтын әріппен жазылып қалды”, – дейді Тараз қаласының тұрғыны, қоғам белсендісі, ардагер Наталья Гончарова.
Қордың облыстық бөлімшесі жыл сайын ардагерлер мен жастардың қатысуымен спорттық турнирлер ұйымдастырып келеді.