Аймақта іссапармен болған «Эк-Спорт» порталының тілшілері Сарысу ауданының кітапханалары қалай жұмыс істейтінін өз көздерімен көріп қайтты, деп хабарлайды ec-sport.kz порталы.
Сарысу ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Жақсыпейілованың айтуынша, өңірде «Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КМК бар. Кітапханалар жүйесінде жүзден астам қызметкер, бір орталық кітапхана және Сарысу ауданының барлық елдімекендерінде орналасқан 25 кітапхана филиалы жұмыс істейді.
– «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында орталықтандырылған кітапханалар жүйесі өзінің филиалдарында 21 цифрландырылған ақпараттық орталығын ашқан. Онда оқырман оқушылар, студенттер, осы елдімекеннің әр тұрғыны egov жүйесіндегі мемлекеттік қызметтерді ала алады, сондай-ақ компьютерлік қызметтерді пайдалана алады, – дейді Салтанат Жақсыпейілова.
Жамбыл облысының кітапханалары жұмыстың жаңа форматына көшкені белгілі, енді мұнда өзіңізге қажетті кітаптарды алып қана қоймай, сонымен қатар тегін интернетті пайдаланып, кітапхана жанында ашылған цифрландырылған ақпараттық орталығынан түрлі анықтамалар да ала аласыз. Бұл жайт әсіресе бұрын қандайда бір анықтама алу үшін аудан орталығына сабылатын шалғай ауылдардың тұрғындарын қуантып отыр.
Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханованың айтуынша, 2018 жылы Сарысу аудандық Мәдениет үйінде жұмыс істеп тұрған кітапхана жанынан бірінші кворкинг-орталық ашылыпты.
Аудандық кітапханадағы біздің орталық тегін интернет желісіне қосылған, – дейді директор. – «Кворкинг» деген сөз «бірлесіп жұмыс істеу» дегенді білдіреді. Қазіргі заманғы ақпараттық орталық келушінің өзінің сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік береді, мұнда келушілердің барлық тобы үшін қажетті жағдайлар жасалған. Мұнда жұмысқа қажетті барлық компьютерлік техника бар, Wi-Fi-лы интернет қосылған, сканерлер, принтерлер бар, барлық жиһаздары жаңа. Орталыққа келген жастар біздегі бар мүмкіндікті пайдалана отырып тегін жұмыс істей алады. Жастарға арналған іс-шаралар, семинарлар мен конференциялар, жобалардың талқылауын өткіземіз, кездесулер ұйымдастырамыз. Мұнда егде жастағылар да келе алады – олар үшін жайлы залдар жасақталған, онда мерзімді басылымдар бар, түрлі ойындар ойнауға, кітап оқуға, әңгіме-дүкен құруға болады. Сондай-ақ елімізде танымал кез келген кітаптың электронды нұсқасын оқуға да мүмкіндік бар. Біздің орталық қазірдің өзінде сарысулық жастардың арасында кеңінен танымал. Бүгінде, әрине, әр үйде компьютер, интернет бар, дегенмен біздің артықшылығымыз сол – мұнда ақпараттық қызметтерді тегін алуға болады. Кворкинг-орталыққа ниет білдірген кез келген адам келіп, осында ұсынылатын мүмкіндіктердің бәрін пайдалана алады. Кітапханада кворкинг-орталықтан басқа зағип және көздері нашар көретін азаматтарға арналған бөлім бар.
– Сарысу ауданындағы кітапханада мұндай бөлім 2016 жылдан бері жұмыс істейді, – дейді Айтбала Жолмаханова. – Мұнда компакт-дисктер, тефломагнитофондар, Брайль қаріпті кітаптар бар. Біздің бөлім жылына шамамен қырықшақты адамға қызмет көрсетеді, олар негізінен тефломагнитофонды пайдаланады. Мүгедектер мен зейнеткерлер үшін жылжымалы кітапханамен қызмет көрсетеміз. Біздің бөлімнің ерекшелігі – біз ақпаратты денсаулық жағдайларына байланысты қоғамнан тыс қалғандарға ұсынамыз. Бүгінде ақпараттық және кворкинг-орталықтар Жамбыл аймағының облыстық кітапханаларында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша қызмет етуде. Жаңалық ауылдықтардың уақыты мен ақшасын елеулі түрде үемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Анықтама алу үшін бұрынғыдай елдімекен аумағынан сыртқа шығудың қажеті жоқ, бар болғаны ауыл кітапханасына бас сұқсаңыз болғаны.
Жамбыл облыстық мәдениет, архив және құжаттамалар басқармасының мәліметінше, аймақтың ауылдық округтерінде 160-тар астам кворкинг-орталық ауылдықтарға он мыңнан астам қажетті қызметтерді көрсетуде. Алайда бірқатар кітапханаларда интернет жылдамдығының төмендігінен әзірше мұндай орталықтар ашуға мүмкіндік жоқ. Мамандар бұл мәселені жақын келешекте шешпек.