пятница, 26 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
21:59, 15 October 2022

Мемлекеттік қолдауды әр ауылға жеткізуге тиіспіз – Нұржан Нұржігітов


Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Жамбыл ауданындағы бірқатар ауылдардың тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелелері бойынша қабылдаулар өткізді.

Басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты.

Айта кетейік, бұған дейін өңірдегі барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен 854 кездесуі өтсе, оның 25-і облыс әкімінің қатысуымен ұйымдастырылған.

Ақбастау ауылдық округіндегі жиында жергілік тұрғындар Шоқай ауылындағы мектеп құрылысының тоқтап қалғандығын, «Сейдалы» каналын жөндеу-тазалау, жол, балабақша салу және тағы басқа мәселелерді көтерді.

Облыс әкімі ауылдықтардың барлық сауалына жауаптар беріп, аймақта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен өңірде көптеген оң өзгерістер орын алып, әлеуметтік  мәселелер шешілуде. Оның бір мысалын өздеріңіздің аудан, ауылдарыңыздан да көруге болады.

Облыстың кешенді даму жоспарына сәйкес 2025 жылға дейін халық саны 200-ден асатын облыстағы барлық елді мекендер ауыз су, табиғи газбен толығымен қамтылып, жолдардың сапасы барынша жақсарады.

Ел Президенті адами капиталды дамытуға айрықша басымдық беруде. Бұл тұрғыда білім саласына барынша көңіл бөлінері сөзсіз. Бізге жыл сайын қажеттілікке қарай 20 жаңа мектеп салып отыру маңызды. Жыл басынан бері 14 мектеп пайдалануға берілсе, 4-і жаңа жылға дейін тапсырылып, тағы бес мектептің құрылысы келер жылға өтпелі болып отыр. Келер жылдан бастап «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге аса бастайды.

Шоқай ауылындағы мектептің құрылысы келер жылы толығымен аяқталатын болады. Биыл қосымша оған 100 миллион теңге қаржы бөлінді,-деді Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ, аймақ басшысы алдағы 2-3 жылда суармалы алқаптың көлемін 200 мың гектарға жеткізу үшін жан-жақты жұмыстар жүрзіліп жатқанын айтып, бетондауға жататын 16 каналдың қатарында «Сейдалы» каналы да бар екенін атап өтті.

Сол секілді жол жөндеу жұмыстары рет-ретімен жүзеге асып жатқанын, балабақша салу мәселесі жеке инвестор есебінен шешілу керектігін, ол үшін мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар көрсетілетінін жеткізді.

Ақбастаулықтар сөз соңында өңірде, ауылда атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалап, ризашылықтарын білдірді.

Дәл осындай кездесу Айша бибі ауылдық округінде де өтті. Жергілікті тұрғындар жол қозғалысына, мал өткеліне, су каналдарын тазалауға қатысты сауалдарын жолдап, жауаптар ала білді.

Облыс әкімі ауылдықтарды бірлікке шақырып, жетістікке жету үшін ортақ жауапкершіліктің, билік пен бұқара арасындағы өзара сенімнің маңыздылығын баса айтты. Тәртіп пен заңдылықты сақтау – негізгі міндет екенін еске салды.

Кездесулерден соң облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізді.

Об авторе: Айгерим Ахметова


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика