Облысымыздың тізгінін Асқар Мырзахметов қолына алғалы Тараз қаласынының орталық аумағында атқарылып жатқан игі істер жұртшылыққа жақсы таныс. Жаңғырған «Жеңіс» саябағы, Жастар аллеясы, Қ. Рысқұлбеков саябағы бүгінде тараздықтардың жиі келетін, қонақтарға мақтана көрсетітен орындарына айналды. Дегенмен, Тараз құрылыс қызу жүргізіліп жатқан орталық аумақпен ғана шектелмейтіні белгілі. Шаһардың шет аймақтарының тыныс-тіршілігі қандай? Қоғамдық көлік қызметі көңіл көншіте ме? Мемлекеттік бағдарламалар, Бас жоспар аясында қандай жұмыстар атқарылуда?
Қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов сұқбатымыз осы мәселелер төңірегінде өрбіді.
-Бейсенбек Керімбекұлы, Тараз қаласының шет аймақтары туралы әңгіме бола қалса, алдымен ауызға «Құмшағал», «Шөлдала» тұрғын алқаптары мен 28 саяжай кіретін қаланың 11-ші әкімшілік аумағы ілінеді. Оның жөні де бар. Ауқымды аймақ қаланың әкімшілік аумағына енгелі бері бес жылдан асса да, ауыз су, жарық, «көгілдір отын», жол және кәріз жүйелері мәселелері оң шешімін таппауда. Себебі не?
– Дұрыс айтасыз, бұл іргелі аумақта бүгінде 20 мыңға жуық адам тіркелген. Соның ішінде «Құмшағал», «Шөлдала» саяжай-алабтарындағы жалпы тұрғындардың саны 14 мыңға жуықтайды. Нақты айтқанда, «Құмшағалға» қарасты 13 саяжай-алабындағы 1423 аулада 4298 адам тұрады. Ал «Шөлдаладағы» 16 саяжай-алабта 2887 аула бар. Мұнда барлығы 9300 адам тіршілік етуде.
Өкінішке қарай қаланың әкімшілік аумағына енгеніне бес жылдан асқанымен мұнда ауызсу, жарық, «көгілдір отын», жол және кәріз жүйелері мәселелері толық шешілмей отыр. Оның басты себебі – саяжай-алабтарына осы күнге дейін тұрғын жай алабы мәртебесінің берілмеуі. Бұрынғы саяжай-алабтары қала құрамына алынғандықтан қала ауқымы аясында жаңғыртылуы керек. Яғни, саяжайлардағы баспаналар енді жеке тұрғын үй мәртебесіне ауыстырылатын болады. Бұл үшін тұрғындардың тиісті мемлекеттік төлемдерді төлеуіне де тура келеді. Ауызсу, кәріз жүйелерін жүргізу және жол салу аумақтың егжей-тегжейлендіру жобалары бекітілгеннен кейін, сол жобалардың негізінде жүзеге асырыла бастамақ. Қазір тұрғындар үйлерінің мемлекеттік актілерін жер қатынастары бөлімі арқылы қайта рәсімдеуде. Саяжай телімдерінің әділет органдарында жеке тұрғын телімі ретінде тіркелуі коммуналдық қызметтерге төленетін тарифтік төлемақылардың төмендетілуіне мүмкіндік беретінін де айта кеткен жөн.
Саяжайлар мәселесін шешуді кезінде өңір басшысы Асқар Мырзахметов тапсырған болатын. Біз бұл жұмыстарды бастадық. Қазір 28 саяжайға қатысты мәселені шешу мақсатында қалалық бюджеттен 18,5 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға жоғарыда аталған егжей-тегжейлі жоспарлау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ облыстық энергетика басқармасы тарапынан 24,6 миллион теңгеге аталмыш аумақта магистральды электр желілері жүйесі салынуда. Ал жергілікті қазынадан бөлінген 3 миллион теңгеге ішкі электр желілерін тарту жобасы дайындалуда. Сонымен қатар құрылыстар салынған қала аумағында кешенді инженерлік-геодезиялық барлау жұмыстарын жүргізуге облыс қазынасынан 45 миллион теңге бөлініп отыр.
Жалпы, бұл аумақтарда бұған дейін ешқандай жұмыс атқарылмады деуге болмайды. Былтыр «Шөлдалада» 900 оқушыға арналған жаңа мектеп ғимараты пайдаланылуға берілді. «Шөлдала», «Құмшағал» алқабы тұрғындарына екі отбасылық-дәрігерлік амбулатория медициналық қызмет көрсетеді. Екі ауылда да спорт алаңдары салынып, пайдалануға берілген. №54 автобус бағыты бойынша 9 жаңа аялдама іске қосылды. Сондай-ақ 2018 жылы қала маңындағы арақашықтығы үш шақырымнан асатын «Шалғай Қарасу» және «Шөлдала» алқаптарынан қатынап оқитын оқушыларды көлікпен тасымалдау мақсатында №55 және №19 мектептерге екі автобус сатып әперілсе, үстіміздегі жылы дәл осы жалпы білім беру орындарына қосымша тағы екі автобус алынғанын айтқым келеді.
Осыдан екі жыл бұрын үлкен жолдан «Көлтоған» елді мекені арқылы «Жиделіге» дейінгі аралықтағы 8 шақырымдық автомобиль жолы орта жөндеуден өткен. «Тараз-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының осы аумақты ауызсумен қамтамасыз ету үшін су-құбыр жүйелерін жүргізуіне қалалық мәслихаттың ықпал етуімен 30 миллион теңге қаржы бөлінген болатын.
-Тараздың 2025 жылға дейінгі дамуының Бас жоспары 2010 жылы бекітілгені белгілі. Осы Бас жоспар аясында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Бүгінгі күні осынау Бас жоспарда қарастырылған қайта жаңғыртылатын аумақтардың 55,7 пайызы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен қамтылған. Өткен жылы алғашқы кезеңдерге құрылыс жұмыстарын жобалау мақсатында қала орталығының – 102, «Тектұрмас» тарихи-мемориалдық кешенінің – 59, «Арай» тұрғын алабының – 241 және «Көлтоған», «Жиделі», «Қарасай», «Қызыл-Абад» тұрғын алабтарының 556 гектарлық бөлігіне, барлығы 958 гектар аумаққа егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірленген болатын.
Болашақта бас жоспарға сай міндеттерді толықтай орындау мақсатында жалпы 7 072 гектар жер көлемін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен қамту қажет. Бұл жұмыстар үш кезеңде жүзеге аспақ. Үстіміздегі жылы 2 960 гектар аумақ егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен қамтылатын болады. Келесі кезекте қаладағы 6 418 гектар көлеміндегі құрылысы жүргізілген аумақтарда инженерлік-геодезиялық жұмыстар жүргізу (мұндай іс бұған дейін 7347 гектарда немесе 53,4 пайызында жүзеге асырылған) жоспарланып отыр.
2019 жылы оның 3086 гектары қала бюджеті және республикалық «Қала-кадастр» кәсіпорны есебінен топотүсіріліммен қамтылмақ.
«Тектұрмас», «Қарасай», «Родничок», «Ақжол», «Қайнар» және «Мичуринец» алабтарын ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары 2020-2022 жылдар аралығында жүзеге асырылмақ. Бұдан бөлек, 2012 жылдан бері «Көлтоған» алабының маңынан бөлінген 250 гектардағы 1232 жер телімін түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде пайдалану мерзімі өткен 127 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жерлер кезекте тұрған азаматтарға қайта берілетін болады.
Облыс орталығындағы бірқатар тұрғын жай және саяжай алабтарында алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстардың жоспары, міне, осындай.
– Бүгінде тіршілігі қыз-қыз қайнаған кез келген қаланы қоғамдық жолаушылар көлігінсіз көзге елестету тіпті де мүмкін емес. Сондықтан да елордамызда көлік кешенін түбегейлі жаңғыртудың 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламасы жасалып, «Қалалық автобус», «Мектеп автобусы», «Қалалық такси», «Автобус аялдамалары» жобалары жүзеге асырылып, салаға бірыңғай диспетчерлік қызмет, жолақы төлеудің электрондық жүйелері енгізілуде. Қоғамдық автокөлік жүргізушілері мен бақылаушылардың біліктілік курстарынан өтуіне айрықша мән беріліп отыр. Тараз қаласында осы саладағы мәселелерді жүйелі жолға қою, қалаішілік бағыттардағы қызмет көрсету сапасын жетілдіру жайы қалай?
– Облыс орталығында бүгінде тұрғындарға 10 тасымалдаушы ұйым қызмет көрсетуде. Оларда барлығы 670 көлік бар (олардың 422-сі дизельді отын тұтынатын Қытайдың «DunFen», 50-і газбен, 198-і бензинмен жүруге арналған Ресейдің «ПАЗ» маркілі автокөліктері). Оның ішінде 205-і – резервтік жылжымалы құрамдар. Күнделікті 43 бағытта 465 автобус қатынайды. Жалпы салада барлығы 953 адам жұмыс істейді. 2016-2017 жылдары қалаішілік бағыттардағы қоғамдық көліктердің барлығы навигациялық GPS жүйесіне көшірілсе, 115-іне «автоинформатор» орнатылды. Алдағы уақытта 50-і бейнебақылау камераларымен қамтылып, 2019-2020 жылдары электронды билеттендіру жүйесі толық енгізілетінін де атап өткеніміз жөн.
– Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың былтыр жыл басында жолаушылар тасымалдаушы мекемелермен арада келісім жүргізу арқылы қалалық тұрақты бағыттарда қызмет көрсететін ескірген, техникалық талаптарға сай келмейтін көліктерді жаңалау ісін бастауды тапсырғаны белгілі. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
– Жалпы қалада автобустардың пайдалану мерзімі 3 жылдан аспайтыны – 122 (18,2 пайыз), 4-5 жыл аралығындағысы 216 (32,2 пайыз) бірлікті құрайды. Ал 332-сінің, яғни 49,5 пайызының пайдалану мерзімі 6 жылдан асқан. Негізінен қоғамдық көліктер әрі кеткенде жеті жылда бір мәрте ауыстырылып тұруға тиіс. Өйтпеген жағдайда мұндай көлік иелерінің тендерлік конкурстарға қатысып, жеңімпаз атану мүмкіндігі біршама шектелуі мүмкін. Әрине, көлік паркін уақтылы жаңартып отыру ісі тасымалдаушы мекемелердің мүмкіндік, әлеуетіне де байланысты. Бұл – уақыттың да талабы.
Қазіргі уақытта осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде. 2018 жылы өңір басшысының тапсырмасына сәйкес 66 жаңа автобус қатарға қосылды. Атап айтқанда, №11 бағыттағы ескірген көліктердің орнын «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС-ы сатып алған, газбен жүруге арналып жабдықталған, орташа сыйымдылықтағы 20 «ПАЗ» маркілі жаңа автобусы басты. «ТаразТрансМоторс» ЖШС-ы да осындай 10 автобусқа қол жеткізді. Сөйтіп №16 бағыттағы ескірген автобустар жаңасымен алмастырылды. Сондай-ақ, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-ының былтыр алған 7 «ПАЗ», 5 «DunFen», 4 «Huyindai», 8 «Dragon» маркілі автобустары да ел игілігіне қызмет етуде. «Дамрус» ЖШС-ы үлкен сыйымдылықтағы «Huyindai» маркілі 12 автобусқа қол жеткізді. Қазір соның нәтижесінде №40 бағыттағы ескірген автобустар түгелдей жаңартылып отыр.
Мұндай іс-шара алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады. Өткен айда ғана «ТаразТрансМоторс» ЖШС-ы сатып алған 5 «ПАЗ» автобусы жолаушыларға қызмет көрсете бастаса, биыл қаладағы тасымалдаушы мекемелер тарапынан қосымша 60 жаңа автобус сатып алу жоспарланып отыр. Оның ішінде «Саяхат-99» ЖШС-ы – 15, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-ы – 15, «Экспресс-05» ЖШС-ы – 10, «ТаразТрансМоторс» ЖШС-ы – 10, «СапарТранс2012» ЖШС-ы 10 бірлік қоғамдық жолаушылар көлігін сатып алмақ.
Көріп отырсыз, тасымалдаушы мекемелердің көлік құралдары кезең-кезеңімен жаңартылуда. Салаға еліміздің мегаполистеріндегідей өркенді өзгерістер енгізіле бастады. «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» демекші, қазір біз қоғамдық көлікте қызмет көрсету мәдениетін көтеру бағытында тиісті жұмыстар жүргізудеміз.
– Әңгімеңізге рахмет!