Жамбыл ауданының Аса ауылында бұрынғы ет-сүт фермасы аумағында «Аса Агро» ЖШС-ының ірі құс фабрикасы салынып жатыр, деп хабарлады ec-sport.kz порталы.
Жалпы 13 құсханадан тұратын алып кешен 35 гектар жерде орналасады. Қазіргі кезде компания үш құсхананы жөндеуден өткізуде. «Аса Агро» ЖШС-ы — аудан экономикасына ұзақ мерзімді инвестициялар құюды жоспарлап отырған ірі компания. Жобаның бастапқы кезеңдегі жалпы құны сегіз миллиард теңгені құрайды. Жаңа өндірісте ауыл тұрғындары үшін 80 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады.
Соңғы кездері облыс орталығы Тараз қаласына жақын орналасқан бұл аймақта жергілікті өндіріске ауқымды инвестиция салатын салмақты компаниялар пайда болуда. Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаевтың айтуынша, келешегі зор жобаларға салынған инвестиция көлемі шамамен 55 млрд. теңгені құрап отыр.
— «Жамбыл Ет MS» 1,5 млрд. теңгеге — мал бордақылау алаңын, «Көкжиек 2030» 1,5 млрд. теңгеге — сүт фермасын, «Алел Агро» 2,5 млрд. теңгеге — құс фабрикасын, «Good Look» — 1,1 млрд. теңгеге сүт фермасын, «Денвер -Т» 2,5 млрд. теңгеге жылыжайлар салатын болады. «КазФос» натрий гексаметофосфатын өндіру желісін кеңейтуге 2 млрд теңге инвестицияламақ. Тараз ӘКК мен «Далаагро» ЖШС-ы 15 млрд теңгеге жылыжай кешенін салады. «Родина» ЖШС-ы құны 20 млрд теңгені құрайтын күн электр стансасын салып жатыр, «Super pharm» ЖШС-ы бір реттік медициналық бұйымдар шығаруға және үш корпустың құрылысына 1,2 миллиард теңге құйып отыр, — дейді Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев.
«Эк-Спорт» ақпараттық-талдау порталының тілшілері Жамбыл ауданында болып, құс фабрикасының құрылысымен танысты.
Алмабек Мулякаев — «Аса Агро» ЖШС-ы құс фабрикасының меңгерушісі:
— Біз 1 қыркүйекте жұмысты бастауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда құрылыс алаңында жергілікті тұрғындардан 60 құрылысшы жұмыс жасауда. Одан әрі осы аумақта тағы тоғыз құс фермасын нөлден бастап салуды жоспарлаудамыз, яғни жергілікті тұрғындар үшін тағы 80 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал болашақта серіктестік ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмыз — тағы да жер сатып алып, кем дегенде 25 құсхана салатын боламыз.
Спикер «Аса Агро» ЖШС-ының құс фабрикасында тазалық стандарттары өте жоғары екенін атап өтті.
— Қора-жай толық дезинфекцияланды, — деді ол. — Жем жеткізуге арналған «ақ, таза» жол және қоқыс шығаратын «қара, лас» жол жасадық. Фабриканың аумағы және құсханалардың іші күніне екі рет дезинфекцияланады. Өсірілген бройлердің әр партиясынан кейін де толық дезинфекция жүргізіледі. Компания құс өсірудің, сапалы ет өндірудің заманауи шетелдік қондырғылары мен заманауи технологияларын қолданады.
Алмабек Мулякаев «Эк-Спорт» порталының тілшілеріне жаңа құсханалар қандай болатынын көрсетті.
— Бұл қабырғаның артында падкуллинг болады, — деді спикер. — Падкуллинг — құсханаларды салқындату жүйесі. Ол жерге су арнайы жеткізіледі де, бұл дәліздер ылғалды болады. Егер ыстық болса, шағын терезелер автоматты түрде өздігінен ашылып-жабылады. Еденнен төбеге дейін тамақтанатын астаушалар мен су ішетін науалар орналасады. Құстар емін-еркін жүреді.
1,5 айда 50 мың бройлер балапандары 2,5-2,6 келіге дейін салмақ қосады. Болашақта бір құсханадан циклына 100 мың келіден астам тауық етін алу жоспарлануда.
Бауыржан Төлендиев — Жамбыл ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы:
— Бұл ауданымыз үшін ет бағытындағы фабриканың жаңа жобасы, жоба биыл Жамбыл облысының индустриялық даму картасына енгізіліп отыр. Мемлекет тарапынан, Жамбыл ауданының әкімдігі тарапынан жан-жақты көмек көрсетілуде. Атап айтқанда «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша электрмен, газбен жабдықтау инфрақұрылымын жүргізу ұсынылды. Бірінші кезеңде компания 2,5 миллиард теңгенің құрылысын жүргізіп, 15 жаңа жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр. Болашақта өндіріс қуатын жылына 21 мың тонна жоғары сапалы құс етіне дейін кеңейту жоспарлануда. Әзірше сегіз миллиард теңгенің инвестициясы компанияның өз қаражаты болса, болашақта банктік несие арқылы қаржыландыруды кеңейту жоспарланып отыр. Жамбыл ауданы үшін бұл, әрине, жаңа жоба. Мұнда жұмыртқа өндірісі бағытындағы «Аса Даму» құс фабрикасы жұмыс істеп тұр, енді ет бағытындағы құс фабрикасы жұмыс істейтін болады. Бүкіл аймаққа, соның ішінде Аса ауылына оң экономикалық және әлеуметтік әсері болады деп күтілуде. «Аса Агро» алматылық компания, бірақ Жамбыл ауданында тіркелген, яғни барлық салық аударымдары ауданның қажеттіліктеріне – жол, жарықтандыру, сумен қамтамасыз етуге және басқа да өркениет игіліктеріне жұмсалатын болады.