Мемлекеттік рәміздер – Қазақстан егемендігінің мызғымас негізі. Бірақ кейде тіпті мемлекеттік мекеме басшыларының тарапынан да ел заңдарын білмегендікті көрсететін қателіктер жіберіледі. Ал мемлекеттік рәміздер белгіленген стандарттарға сәйкес қана пайдаланылуы тиіс. Бұл нормалар 2016 жылдың 1 қаңтарында түпкілікті бекітілген болатын. Облыс әкімдігі бұл мәселені үнемі қадағалап отырады, деп хабарлайды Эк-спорт ақпараттық агенттігі.
Жамбыл облысында мемлекеттік мекемелер мен ведомстволардың басшыларына енгізілген стандарттарды қолдану ережелерін түсіндіруге арналған семинарлар мен кеңестер жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Заң бойынша мемлекеттік рәміздерде олардың жалпы идеясы сақталуы тиіс. Дегенмен, тудың өлшемі мен Елтаңбаны бояу әдістеріне қатысты бірқатар өзгерістер бар. Стандартқа сәйкес мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік рәміздерді орнатуға бір жұмыс күні беріледі. Осы уақыт ішінде мемлекеттік рәміздер ауыстырылмаса, айыппұл салынады. Бір айта кетерлігі, әрбір басшы мемлекеттік рәміздердің сақталуы мен ойдағыдай жағдайына жеке жауапты.
Мемлекеттік рәміздерді стандарт бойынша қарастыратын болсақ, Тудың өлшемі 988 де 207-ге, ал Елтаңба 989 да 214-ке тең. Олар жергілікті және уәкілетті органдарда міндетті түрде орналастырылуы керек.
Қай жерде орналастырылса да олар мемлекеттік стандартқа сай болуы тиіс. Сәйкес келмеген жағдайда ауыстырылуы керек немесе тексеру кезінде барлық кемшіліктер ескерілуі қажет.
Ту, Елтаңба, Әнұран – кез келген мемлекеттің ұлттық ұмтылысы мен мұратын бейнелейтін басты атрибуттары. Ежелгі замандардың өзінде мемлекеттер өздері үшін негізгі графикалық нышан-бейнелерді айқындап, әскерлер ұлттық тудың астында, ерлік әнұрандарын айтып соғысқаны тарихи деректерден белгілі.
Қазіргі заманда мемлекеттік тулар майдан даласында ғана емес, мемлекеттік мекемелерде, әлем елдерінің өкілдері бас қосатын халықаралық форумдар мен спорт алаңдарында да желбірейді.
Мойындау керек, жерлестеріміздің жеңісінің құрметіне Қазақстанның Мемлекеттік Туы көтеріліп, еліміздің Мемлекеттік Әнұраны шырқалғанда әрқайсымыздың жүрегіміз дүрсілдей соғады.
Егер ерте замандарда мемлекеттер өз елтаңбаларында күш пен қуатты бейнелеуге ұмтылса, бүгінде Қазақстан өзінің мемлекеттік рәміздерінде бейбітшілік ырғақтарын – туған үйдің символы ретінде шыңырақты, алға ұмтылыс ретінде аңыздағы тұлпарларды, күнге қарай қалықтаған алтын қыранды, ой тазалығының символы ретінде заңғар аспанның көгілдір түсін орналастырған.
Бүгінгі таңда мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі, сондай-ақ пайдалану стандарттарының сақталуына қойылатын қатаң талаптар мемлекеттік стандарттар санатына көтерілген және оларды бұзу белгілі бір әкімшілік-құқықтық жауапкершілікке әкеліп соғады. Мысалы, Заңның төртінші бабында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы қай жерде және қалай көтерілетіні, орнатылатыны және орналастырылатыны заң тұрғысында айқындалған.
Ғимараттарға тұрақты түрде орнатылатын Ту түнгі уақытта міндетті түрде жарықтандырылуы керектігін бәрі біле бермейді.
Мемлекеттік ту орталық, жергілікті өкілді және атқарушы органдар алқаларының, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың алқа мәжіліс залдарында желбірейді. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың ғимараттарының ашылуында, рәсімдер кезінде, салтанатты және спорттық іс-шараларда, білім беру ұйымдарында, оқу жылының ашылуы мен аяқталуында, елімізге мемлекеттік және ресми сапармен келген мемлекет, парламент және үкімет басшыларын қарсы алғанда желбірейді.
Сол төртінші бапта Мемлекеттік Тудың суреті Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламентінің, Үкіметінің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында міндетті түрде орналастырылатыны атап көрсетілген. Сондай-ақ олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты және жергілікті соттары, жергілікті өкілді және атқарушы органдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері осы қатарда.
Қазақстан Республикасының Елтаңбасына келетін болсақ, Қазақстанның мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген рәміздерді қолдану тәртібі осы заңның үшінші тарауында көрсетілген. Мемлекеттік Елтаңба еліміздің Мемлекеттік Туымен қатар, оның ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен интернет-сайттарда орналастырылады. Бұл орайда Мемлекеттік Елтаңбаның бейнесін қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдардың елтаңбаларының геральдикалық негізі ретінде пайдалануға болмайтыны нақтыланған.
Мемлекеттік рәміздер туралы заңдағы мәселе жеке тарауда – «Мемлекеттік органдардың құзыреті» деп аталатын бесінші тарауда атап өтілген. Онда техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік стандарттарды, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы мен Мемлекеттік Әнұранының стандарттарын әзірлеп, бекітіп қана қоймайтыны, оларды дайындау жөніндегі қызметке лицензия беретіні, сонымен қатар лицензиаттың лицензияда көрсетілген шарттарды сақтауын бақылайтыны айтылған. Бұл уәкілетті орган сонымен қатар мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейтін мемлекеттік рәміздерді ауыстыру және жою ережелерін әзірлейді.
Онымен тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің қолданылуын, белгіленуі мен орналастырылуын бақылауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдар айналысады.
Айта кетерлігі, Жамбыл облысында мемлекеттік рәміздерге құрметпен және заң талабына сай қарау мәселелері насихатталуда. Қазақстан Республикасы ұлттық рәміздерінің элементтері бар көрнекі насихат атрибуттары пайдаланылатын қоғамдық-саяси сипаттағы әртүрлі іс-шаралар, тақырыптық көрмелер, конференциялар, акциялар мемлекеттік рәміздерді насихаттауға және пайдалануға бағытталған. Жастар арасында мемлекеттік рәміздерді насихаттау ерекше маңызға ие. Жастар – біздің болашағымыз, олардың күш-жігері мен ұмтылысы арқылы болашақ Қазақстан – өз аумағын мекендейтін барлық халықтың тұрақты және толыққанды өмір сүруі үшін тең жағдайларды қамтамасыз ететін бейбіт мемлекет құрылады.