Жамбыл облысының фермерлері ауылшаруашылығы жерлерін суарудың заманауи инновациялық технологияларын қолдануда, деп хабарлады ec-sport.kz порталы.
«Қызыл-Дихан» өндірістік кооперативі Көлқайнар ауылдық округіне қарасты Тастөбе ауылында орналасқан. Ауылшаруашылығы кооперативі 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Шаруашылықтың 50 еңбеккері екі мың гектар жерде егіншілікпен айналысады. Олар дәнді, бақша, жемдік дақылдарды, қант қызылшасын өсіреді.
«Эк-Спорт» ақпараттық-сараптамалық порталының тілшілері Жамбыл ауданында, «Қызыл-Дихан» өндірістік кооперативінің алқаптарында болды.
Көлқайнар ауылдық округінің әкімі Асылбек Қонаров:
— Біз қант қызылшасы алқабында тұрмыз, мұнда жаңбырлатқыш екі заманауи қондырғы бар. Құны шамамен 70 миллион теңгені құрайтын осындай жаңбырлатқыш қондырғының біреуі 50 гектар алқапты қамтиды. Сондай -ақ тамшылатып суарылатын 50 гектар жүгері бар. Біздің өңірде қыста қар өте аз жауады, көктем мен жазда жаңбыр болмайды. Біз қант қызылшасын өсірумен бұрыннан айналысып келеміз, жыл сайын 100 гектардан егеміз. Суару суының жоқтығынан, қалай да осы жағдайдан шығу және егінді сақтап қалу үшін «Қызылдихан» ӨК директоры Нуридин Бегманов биыл бірінші рет тамшылатып суару және жаңбырлатқыш қондырғыларын орнатты. Суару үшін біз қазылған үлкен шұңқырға жиналатын жергілікті бұлақтардың суын пайдаланамыз. Осы 150 гектар алқап та сол сумен суарылады.
Суару автоматтандырылған, суару барысын ұялы телефоннан басқаруға болады. Екі үлкен сорғы кешені жинақталған бұлақ суын полиэтилен құбырлар арқылы жаңбырлатқыш қондырғыларға айдайды. Техника, айтпақшы, отандық өнім. Жаңбырлатқыш қондырғылар дөңгелектерге орнатылған және қозғала алады, бір айналымы – 50 га, уақыты –
19 сағат. Суды сорғылар арқылы жіберуді де, жаңбырлатқыштардың қозғалысын да автоматты түрде басқаруға болады, сонымен қатар топырақ жағдайына байланысты суарудың қарқындылығы бағдарламасын реттеуге болады. Техниканы пайдалану 25 жылға есептелген. Қыста техниканы қарауылдар күзетеді.
Биыл мұнда қызылша егілді, ал келесі жылы қажеттілігіне қарай бидай, беде, бақша дақылдарын егуге болады. Және де жаңбырлатқышпен суару ұйымдастырылады, – дейді Асылбек Қонаров.
Оның айтуынша, жаңбырлатқыш қондырғыны іске қосу үшін ауылшаруашылығы кооперативі басшысының өз шаруашылығының егістігінде болуы міндетті емес. Жүйе дәл осы уақытта ол, айталық, Таразда жүріп, бағдарламаны қажетінше реттеу арқылы ұялы телефонымен ауылшаруашылығы жерлерін суаруды іске қоса алатындай етіп бапталған. Міне, техниканың кереметі!..