Вторник, 25 августа 2026   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
11:28, 03 июня 2026

ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН: Жамбыл облысы әлеуетін арттырып келеді


Президент Жолдауында айқындалған міндеттерді іске асыру аясында Тараз қаласының Қоңыртөбе тұрғын алабында «TRZ AGRO» ЖШС-нің жаңа заманауи көкөніс қоймасы пайдалануға берілді. Жаңа нысан өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өңдеу жүйесінің маңызды буынына айналып, облыстың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етпек, деп хабарлайды «Эк-спорт» АА.

Жобаның жүзеге асырылу барысымен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев танысты. Нысанға барған кезде өңір басшысы оның облыстың агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамытудағы маңыздылығын атап өтіп, кәсіпорын ұжымына табысты әрі тұрақты жұмыс тіледі.

Жобаның жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайды. Жаңа көкөніс қоймасының сыйымдылығы – 12 мың тонна өнім. Жоба Солтүстік Қазақстан облысының озық тәжірибесін ескере отырып жүзеге асырылды. Мемлекеттік қолдау көлемі 995 млн теңгені құрады. Бұл жобаны уақытылы іске асырып, нысанды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Нысанды салу барысында технологиялық жабдықтарға ерекше көңіл бөлінді. Қажетті құрал-жабдықтар Нидерланд, Италия және Ресей Федерациясынан жеткізілді. Кешеннің басты ерекшеліктерінің бірі – голландиялық технологияға негізделген еденасты желдету жүйесі. Бұл технология көкөніс өнімдерінің сақтау мерзімін едәуір ұзартып, олардың сапасын, балғындығын және тауарлық түрін ұзақ уақыт бойы сақтауға мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары барысында серіктестік басшылығы кәсіпорынды дамытудың келесі кезеңінде жүзеге асыру жоспарланып отырған заманауи етті терең өңдеу кешені мен жыл бойы жұмыс істейтін жылыжай кешенінің перспективалық жобаларын да таныстырды.

«TRZ AGRO» ЖШС директорының орынбасары Ернар Сауранбаевтың айтуынша, ет өңдеу кешені толық циклді, қалдықсыз өндірісті көздейді. Шикізат ретінде келіп түсетін өнімнің толық көлемі пайдаланылып, бұл өндірістік қалдықтарды барынша азайтып, өңдеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта нысанның құрылыс дайындығы шамамен 70 пайызды құрайды. Болашақ кешеннің құрамында мал сою және бөлшектеу алаңы, шұжық өнімдері мен консервіленген өнімдер өндіретін цехтар, сондай-ақ өңделген шикізаттан үй жануарлары мен балықтарға арналған жем шығаратын жеке цех болады.

Кәсіпорынды дамытудың тағы бір маңызды бағыты – жылыжай кешенін салу. Жобаның бірінші кезеңін биыл жүзеге асыру жоспарланған. Кешен температура мен ылғалдылықты реттейтін автоматтандырылған жүйелермен, энергия үнемдейтін технологиялармен және ауыл шаруашылығы өнімдерін өсірудің заманауи қарқынды әдістерімен жабдықталады.

Бұл маусымдық факторларға тәуелді болмай, жыл бойы сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты өндіруге мүмкіндік береді.

Жалпы, үш ірі жобаны іске асыру аясында 300 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Тек көкөніс қоймасының өзінде 30-дан астам маусымдық жұмыс орны құрылады. Бұл да өңірдегі халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға оң әсер етеді.

– Мұндай бастамаларды жүзеге асыру азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға, көкөніс өнімдерін сақтау және өткізу жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен сақтау мерзімін арттыруға тікелей ықпал етеді. Өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар ет өңдеу және жылыжай кешендерін салу жобаларын жүзеге асыруға жергілікті атқарушы органдар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі, – деді өңір басшысы.

Айта кетейік, Жамбыл облысы дәстүрлі түрде көкөніс және бақша дақылдарын өсіру бойынша еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің қатарында. Облыс көкөніс өнімдерімен тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанның басқа өңірлеріне де өнім жеткізеді.

Солардың ішінде пияз негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының бірі саналады. Бұл өнім бойынша облыс ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр.

Қазіргі таңда өңірде жалпы сыйымдылығы шамамен 374 мың тоннаны құрайтын 123 көкөніс қоймасы жұмыс істейді. Алдағы уақытта, 2028 жылға қарай олардың жалпы сыйымдылығын 560 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Соңғы екі жылда Солтүстік Қазақстан облысының озық тәжірибесін енгізу мақсатында жалпы қуаты шамамен 90 мың тоннаны құрайтын 10 жаңа көкөніс қоймасының құрылысына қаржы бөлінді. Бұл өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға және оның логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге жүйелі түрде көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді.

Об авторе: Нагима Ажигулова


Добавить комментарий

© 2026 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика