Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Полиция департаментінің қызметкерлеріне жаңа қызметтік автокөліктердің кілттерін табыстады. Салтанатты рәсім өңірдегі құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында өтті, деп хабарлайды «Эк-спорт» АА.
Жеке құрам алдында сөз сөйлеген өңір басшысы жергілікті атқарушы органдар мен Полиция департаменті арасындағы өзара іс-қимылдың жүйелі әрі нәтижелі сипатқа ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі болып қала береді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен құқық қорғау органдарындағы қызметтің беделін арттыруға, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және материалдық-техникалық базаны нығайтуға бағытталған шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Сіздер заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың тыныштығын сақтау бойынша маңызды міндет атқарып келесіздер. Күн сайын кәсібилік танытып, өз ісіне адалдықпен қызмет етіп жүрген барлық қызметкерлерге алғысымды білдіремін. Жаңа техника жұмыстың тиімділігін арттырып, алға қойылған міндеттерді жедел әрі сапалы орындауға мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Ербол Қарашөкеев.

Өңір басшысы полиция қызметкерлері үшін заманауи жұмыс жағдайларын қалыптастыру қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сапасына және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға тікелей әсер ететінін атап өтті. Жаңа автокөліктер бөлімшелердің мобильділігін арттырып, қалада да, ауылдық жерлерде де қызмет атқарудың тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев облыс басшылығына көрсетіліп отырған қолдау үшін алғысын білдіріп, ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
Оның айтуынша, автопаркті жаңарту полиция қызметін жетілдіру және қызметтік міндеттерді тиімді орындауға қолайлы жағдай жасау бойынша жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады.
2026 жылы Жамбыл облысының Полиция департаментінің қажеттіліктеріне жергілікті бюджеттен 3,2 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражаттың едәуір бөлігі Шу аудандық полиция бөлімінің жаңа ғимаратын салуға бағытталды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бұдан бөлек, бюджет қаражаты есебінен жалпы құны 717,5 млн теңге болатын 93 қызметтік автокөлік сатып алынды. Салтанатты рәсім барысында полиция қызметкерлеріне 88 жаңа көлік құралының кілті табысталды. Олар жақын арада облыс аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жұмылдырылады.
Айта кетейік, құқық қорғау органдарының автопаркін жаңарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Соңғы үш жылда Жамбыл облысының Полиция департаменті 193 жаңа қызметтік автокөлік алды. Атап айтқанда, 2024 жылы 81 көлік, 2025 жылы 19 автокөлік сатып алынды. Биыл бұл жұмыс жаңа техникамен толықтырылып отыр.
Аталған шаралар полиция жұмысының тиімділігін одан әрі арттыруға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және ішкі істер органдары қызметкерлерінің өздеріне жүктелген міндеттерді сапалы орындауы үшін қажетті жағдай жасауға бағытталған.
