ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Жамбыл облысында жүзеге асырылып жатқан ауылдықтардың тұрмысын жақсартатын пилоттық жобаға жоғары баға берді, деп хабарлайды ec-sport.kz порталы.
Жобаның бірінші кезеңінде Жамбыл облысының 11 ауылдық округі қамтылады деп межеленген еді. Ауылдықтардың табысын 2,5 есеге артыру жоспарланған. Іс жүзінде солай болды да. Бұл орайда облыстың пилоттық жобаға қатысқан ауылдарында адресті әлеуметтік көмек алушылар саны 32 пайызға азайды.
Үй ауласындағы жерлерді тиімді пайдалану және шағын бизнесті дамыту есебінен ауыл тұрғындарының табысын көтеру жөніндегі пилоттық жоба Жамбыл облысында 2019 жылы іске қосылған болатын. Бүгінгі таңда жобамен облыстың он ауданындағы сегіз мыңнан астам тұрғын қамтылып отыр. Аталған жобаның бес бағыты бойынша қазірдің өзінде 8,5 миллиард теңге игерілген.
Әр аула және әр ауылдық округ бойынша тұрғындардың табысын арттыру жөніндегі іс-шаралардың бірнеше бағыты бар. Ол – үй ауласындағы жер телімдерін егін, мал, құс шаруашылығы өнімдерін өндіру мақсатында тиімді пайдалану. Сонымен қатар елдімекеннің сыртындағы әр тұрғынға тиесілі жер ресурстарын пайдалану.
Көптеген ауылдық округтерде нан-бөлке және кондитерлік өнімдер пісіретін цехтар ашылды немесе ашу жоспарланып отыр. Ауылдықтар бұрын нанды аудан орталығынан алып келетін болса, қазір буы бұрқыраған ыстық нанды өз ауылдарында сатып ала алады. Сондай-ақ сүт өнімдерін шығаратын цехтар ашылып, жылыжайлар салынуда, үй ауласында мал мен құс өсірілуде. Байзақ ауданында болып қайтқан «Эк-Спорт» порталының тілшілеріне табысты артыруға бағытталған пилоттық жобаның қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы жобаға қатысушылардың өздері айтып берді.
Түймекент ауылының тұрғыны Мұрат Оразбаев 3,5 миллион теңге кредит алып, оған 12 сиыр сатып алған. Жалпы жобаға көңілі толады екен. Дегенмен жоба бастамашыларына айтар бірқатар ұсыныстары бар екенін жасырмады.
– Беретін сомасы аздау, – дейді Мұрат Оразбаев. – Қазіргідей жем-шөп қымбат кезде не шөптің, не жемнің тегін болғаны жөн. Қаржылай қолдаудан басқа, қандай да бір көмектің болғаны жөн. Мүмкін субсидиялау түріндегі. Қазір мал азығы қымбат, сондықтан мысалы мал бордақылау жобасы өзін өзі ақтамауы мүмкін.
«Түймекент» кооперативінің механигі Рүстембек Сәкеннің айтуынша, табысын арттыру жөніндегі жоба аясында кооперацияға біріккен шаруалар ауылшаруашылығы техникаларын – үш трактор мен бір комбайн алған. Шаруашылық бидай, арпа егіп, қияр өсіруде.
– Техника жаңа, тамаша. Біздің кооперативте қазір он адам жұмыс істейді, бәрі трактор жүргізушілері. Жақында жер жырту басталады, тағы да адам жалдаймыз. Жаңа жұмыс орындары пайда болады, – дейді Рүстембек Сәкен.
Ауылдықтардың табысын арттыру жөніндегі жоба ауылшаруашылығы саласының түрлі бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді. Мысалы Түймекентте омарта шаруашылығын дамытуға да қаржы бөлген.
Бектілеу Исмаилов – омарташылар әулетінен, бұл олардың отбасылық бизнесі.
– Біздің отбасы бал арасымен менің бала кезімнен айналысып келеді, мен әрдайым көмектесетінмін, – дейді ол. – Шаруа қожалығымыздың басшысы – әкем Талғат Исмаилов. Пилоттық жоба аясында біз 2 миллион 400 мың теңге алдық. Оған автокөлік, тіркеме, жабдықтар, жәшіктер, «бал айдағыштар», әртүрлі құралдар және омарташылыққа қажетті арнайы жұмыс киімдерін сатып алдық. Жобаға ризамыз. Алпыс шақты омартамыз бар. Балды Жамбыл облысының әр шалғайынан жинаймыз. Көктемде омарталарды дайындаймыз, ал жаз айларында негізінен Жуалы ауданының табиғаты тамаша жерлерінде тұрамыз. Өнімімізді үйде, ауылдастарымыздың арасында өткереміз. Табысы жаман емес. Жоба бойынша көрсетіліп жатқан көмек өндірісімізді жақсартып, табысымызды арттыруға мүмкіндік беруде.
Айта кету керек, бал беретін гүлдерге бай бірегей табиғат аясы бар Жамбыл облысында омарташылық барынша болашағы зор іс болып саналады. Аймақта шамамен 80 мың ара отбасын біріктіретін екі жүзден астам омарта бар. Тіркеу мәселесін шешу үшін мемлекет қолдау көрсетіп жатқанымен, ал асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында субсидия төленіп жатқанымен омарталардың 60-ы ғана ресми түрде тіркелген. Жамбыл облысының омарташылары егер жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдау болса, жыл сайын 500 тоннадан астам бал өндіруге қабілетті.
Алдағы жоспарларын бүгіннен ойластырып жатқандардың бірі – Асанбек Урпеков.
– Мен Түймекент ауылдық округінің Ақжар ауылында дүниеге келдім, – дейді ол. – Қой мен ешкі өсіру үшін үш миллион теңге кредит алдым. Ауыл әкімі Қанат Смағұловқа рахмет, ол жобаның мәнін жан жақты түсіндіріп, таңдау жасауыма көмектесті. Тағы да кредит берсе, сиыр мен жылқы сатып алғымыз келеді. Кәсібімізді кеңейтсек дейміз. Өте жақсы, керек іс.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру пилоттық жобасы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айқындалған тұрғындардың өмір сапасын арттыру аясында іске асырылып жатыр. Жамбыл өңірі, негізінен, аграрлы аймақ болып қалуда және мұнда ауылшаруашылығын дамыту экономика мен әлеуметтік салада шешуші мәнге ие. Жобаның пәрменділігін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Ауылшаруашылығы министрлігі оны жалғастыруға, яғни екінші кезеңін жүзеге асыруға қосымша 11,5 миллиард теңге бөліп отыр. Оны жүзеге асыру барысында әр ауданнан екі округтен, яғни 20 ауылдық округті қамту және 3631 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.