четверг, 9 мая 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
21:23, 17 December 2020

Таразда  11 әлеуметтік павильон ашылады


Таразда азықтүлік бағасын тұрақтандыру мақсатында 11 әлеуметтік павильон ашылады, деп хабарлайды Эк-спорт АА. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы сауда нысандарын аралады. Алдымен аймақ басшысы әлеуметтік павильондардың жұмысымен танысты.

Қалада әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасын тұрақтандыру мақсатында жыл соңына дейін әлеуметтік павильондар санын 6-дан 17-ге дейін арттыру жоспарланған. Оның үшеуі Тәуелсіздік күні тұтынушыларға есігін айқара ашты.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа ашылған павильондарға арнайы бас сұғып, танысты.

Коммуналдық дүкендерге 16 өндірушілердің өнімдері жеткізіледі. Мұндағы бағалар нарықтағыдан 10-20 пайызға төмен. Мәселен, тұрақтандыру қорының павильонындағы бірінші сұрыпты ұнның келісін 143 теңгеден, қант құмын – 190, картопты – 95, өсімдік майының литрі  – 420, бір бөлке нанды – 55 теңгеге сатып алуға болады.

– Біз мүмкіндігінше жергілікті шаруа қожалықтарын көптеп тартып, жеткізілім желісіндегі қажет емес буындарды, яғни делдалдарды алып тастауымыз керек. Бағаны тұрақтандырудын негізгі әдісі – осы. Дүкендер барлық тұрғындарға, ең алдымен, халықтың әлеуметтік осал тобындағы адамдарға қол жетімді болу үшін қаланың барлық бөлігінде орналасуы тиіс, – деп облыс әкімі «Тараз-ӘКК» ҰК» АҚ мен ауылшаруашылық басқармасына тиісті тапсырма жүктеді.

Тұрғындардың шағымдары туындамас үшін, әр дүкенде тауарлардың бағасы мен жауапты мамандардың нөмірлері жазылған стендтер орнатылған.

– Көп нәрсе сатушыларға байланысты. Олар мәдениетті болып, әр тұтынушыға көмектесуі керек. Тұрғындар коммуналдық дүкендердің барлық артықшылықтары туралы білуі тиіс, – деді Бердібек Сапарбаев.

Аймақ басшысы тауарлардың бағасын тексеріп, сатушыларды және алушыларды әңгімеге тартты. Тұрғындар бағаны тұрақтандыру бойынша қабылданған шаралар үшін облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді.

– Тиімді бағада азық-түлік сатып алғаныма қуаныштымын. Енді мерекелік дастарханды әзірлеу үшін үйге асығудамын, – дейді көпбалалы ана Айнагүл Еспенбетова.

Айта кету керек, облыстың барлық аудандарында қосымша 10 әлеуметтік павильон ашылуда.

Бұдан соң облыс әкімі «Smart» супермаркетіне ат басын бұрып, нанның бағасына назар аударды. Қазір бір бөлке нан 83 теңгеден сатылуда. «Корзинка» желісінің супермаркетінде нан 78 теңгеден сатылуда. Облыс әкімі сауда орнында өңірлік өнімдердің бар-жоғын тексерді.

Об авторе: Нуралы Абдуалиев


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика