Суббота, 13 июня 2026   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
12:17, 26 мая 2026

Жамбыл облысында тарифтік саясат пен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда


ТАРАЗ. Жамбыл облысында табиғи монополиялар саласын реттеу, тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Қуанышбек Мағжан Батыржанұлы мәлімдеді, деп хабарлайды «Эк-спорт» АА.

Оның айтуынша, департамент қызметінің негізгі мақсаты – тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің мүдделерін теңгерімді түрде қорғау, коммуналдық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету, сондай-ақ тариф қалыптастыру үдерісінің ашықтығын арттыру.

– Біздің басты міндетіміз – тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермей, тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту және олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында тұрақты жұмыс жүргізілуде, – деді Қуанышбек Мағжан Батыржанұлы.

Бүгінде департамент Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік тіркелімнің жергілікті бөліміне енгізілген 37 табиғи монополия субъектісінің қызметін реттейді. Олар жалпы 57 түрлі қызмет көрсетеді. Оның ішінде сумен жабдықтау, сарқынды суларды бұру, жылумен қамту, табиғи газ тасымалдау, электр энергиясын беру және бөлу, сондай-ақ кірме теміржол қызметтері бар.

Департамент қызметінің маңызды бағыттарының бірі – тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылау. 2025 жылдың қорытындылары бойынша жүргізілген талдау барысында «Жуалы-Су» МКК, «Алатау Су-Жылу» КМК және «Мырзаш 2019» ЖШС белгіленген мерзімге дейін есеп тапсырмағаны анықталды. Аталған фактілер бойынша заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдануда.

Сонымен қатар өңірде коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаның басты мақсаты – халықты сапалы әрі сенімді коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету және инфрақұрылымның тозуын азайту.

2026 жылы ұлттық жоба аясында Жамбыл облысында үш ірі табиғи монополия субъектісі қатысуда. Атап айтқанда, «Жамбыл су» МКК жалпы құны 674,2 млн теңгені құрайтын үш жобаны жүзеге асырып жатыр. «Таразтрансэнерго» МКК жылу желілерін жаңғырту бойынша жалпы құны 2,39 млрд теңгені құрайтын екі жобаны қолға алған. Ал ең ауқымды жұмыстарды «ЖЭС» ЖШС жүргізуде. Кәсіпорын жалпы құны 20,6 млрд теңгеден асатын 15 жобаны іске асырып, 1450 шақырым электр желісін жаңғыртуды жоспарлап отыр.

Мамандардың пікірінше, бұл жобалар коммуналдық желілердің тозу деңгейін төмендетуге, апаттық жағдайлардың алдын алуға және тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Табиғи монополиялар туралы заңнаманың сақталуын бақылау да департамент қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. 2026 жылдың алғашқы бес айында «Жамбыл су» МКК, «Алатау Су-Жылу» КМК, «Жуалы су» КМК, «Мырзаш 2019» ЖШС және «Тараз былғары зауыты» ЖШС-не қатысты бес әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 9,1 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Салынған айыппұлдардың барлығы толық көлемде мемлекет кірісіне өндірілді.

Бұдан бөлек, департамент мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматта көрсетуді жалғастырып келеді. Олардың қатарында энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу қызметін лицензиялау, табиғи монополия субъектілерінің мүлкіне қатысты мәмілелерді келісу, оларды қайта ұйымдастыру мен таратуға келісім беру, сондай-ақ мемлекеттік тіркелімге енгізу және одан шығару қызметтері бар.

Ведомство қоғаммен ашық байланыс орнатуға да ерекше көңіл бөледі. Жыл басынан бері департамент қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарды атқарылып жатқан жұмыстар туралы тұрақты түрде хабардар етіп келеді. Осы кезеңде барлығы 78 материал жарияланып, сұхбаттар берілген. Оның ішінде республикалық және өңірлік басылымдардағы жарияланымдар, комитеттің ресми сайтындағы ақпараттар, облыстық радиодағы сұхбаттар мен әлеуметтік желілердегі материалдар бар.

Департамент өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта да тарифтік саясат тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің мүдделерін ескере отырып жүргізіледі. Негізгі мақсат – коммуналдық қызметтердің сапасын арттырумен қатар, олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету және өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін нығайту.

Об авторе: Айгерим Ахметова


Добавить комментарий

© 2026 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика