Жамбыл облысында қоршаған ортаны қорғауға, елді мекендерді абаттандыруға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды іс-шаралар өтті. Өңірдің барлық дерлік ауданын қамтыған акцияларға мыңдаған тұрғындар, жастар, еріктілер мен түрлі ұйымдардың өкілдері белсенді қатысты, — деп хабарлайды «Эк-спорт» АА.
Ең ауқымды шаралардың бірі Тараз қаласындағы Талас өзенінің жағалауында ұйымдастырылды. Акцияға қатысушылар өзен бойын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, демалыс аймақтарын ретке келтірді. Іс-шараға жастар ұйымдары, еріктілер және белсенді тұрғындар қатысып, табиғатты аялаудың маңызын өз үлгілерімен көрсетті.
Талас өзені өңірдің маңызды табиғи нысандарының бірі әрі тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының қатарында. Әсіресе жаз мезгілінде мұнда күн сайын жүздеген отбасы, жастар мен туристер келеді. Алайда демалушылардан кейін пластик бөтелкелер, пакеттер және басқа да тұрмыстық қалдықтардың қалып қоюы су қорғау аймақтарының ластануына әкеліп, қоршаған ортаға зиян келтіреді. Сондықтан мұндай экологиялық акциялардың маңызы ерекше.

Облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Мейіржан Мырзатайдың айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы қоғамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруда маңызды рөл атқарады.
– Өзендер мен су айдындарының тазалығы экологиялық қауіпсіздіктің басты шарттарының бірі. Талас өзенінің жағалауын тазарту арқылы біз қаланы көркейтіп қана қоймай, тұрғындарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға үндейміз. Су қорғау аймақтарының тазалығын сақтау өңірдің экологиялық жағдайына тікелей әсер етеді. Мұндай шаралар жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды тәрбиелейді, – деді ол.
Экологиялық сенбіліктер мен акциялар облыстың басқа аудандарында да жалғасын тапты. Меркі ауданындағы Меркі шатқалында «Таза Қазақстан – жарқын болашақ кепілі» атты акция ұйымдастырылса, Қордай ауданындағы «Емен» саябағында тұрғындар «Туған жердің тазалығы – әркімнің жауапкершілігі» атты шараға қатысты. Шу қаласындағы «Теміржолшылар» саябағында өткен акция «Тазалық – ортақ жауапкершілік» ұранымен өтті.
Талас ауданының тұрғындары да бұл бастамадан шет қалған жоқ. Қаратау қаласындағы «Жартас» көлдерінде «Таза көл, таза ел» акциясы өткізіліп, қатысушылар жағалау аумақтары мен демалыс орындарын тазартты. Ал Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында өткен «Таза аула» акциясы барысында қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына басымдық берілді.
Сенбіліктер барысында қатысушылар қоқыс жинап, аумақтарды тазалаумен қатар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізді. Оларға тазалық сақтау, қалдықтарды сұрыптау және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану қажеттілігі туралы ақпарат берілді.
Акция аясында жастардың экологиялық тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінуде. Жуалы ауданындағы орталық саябақта «Жасыл Қазақстан – біздің таңдауымыз!» атты акция өтіп, қатысушылар аумақты тазалау және көшет отырғызу жұмыстарына қатысты.
Сонымен қатар Тараз қаласындағы №125 орта мектепте «Таза табиғат – ортақ міндет!» тақырыбында экологиялық кездесу ұйымдастырылды. Онда оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатты қорғау және жастардың экологиялық бастамаларға қатысу мәселелері талқыланды.
Жалпы, Жамбыл облысында өткен «Таза Қазақстан» акциясына бүгінге дейін 22,5 мыңнан астам адам, сондай-ақ 850 кәсіпорын мен ұйым қатысты. Іс-шаралар барысында 45,9 мың түп жасыл желек отырғызылып, 2,6 мың шақырым көше мен жол, 810 шақырым арық жүйелері мен каналдар тазартылды. Бұдан бөлек, 615 мың шаршы метрден астам саябақтар мен гүлзарлар ретке келтіріліп, елді мекендер аумағынан 5,2 мың тонна қоқыс шығарылды.
Экологиялық акция өңірде кең ауқым алып, қоғамдық өмірдің маңызды бөлігіне айналуда. Оның басты мақсаты – аумақтарды тазалау ғана емес, әрбір азаматтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін қалыптастыру. Өйткені туған өлкенің тазалығы әр адамның өзінен басталады.
