Среда, 29 апреля 2026   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
13:10, 29 апреля 2026

ҚОРДАЙ БИЛІГІ ҚАНДАЙ ШЫНДЫҚТЫ ЖАСЫРЫП ОТЫР?


Жамбыл облысында Қордай ауданындағы қайғылы жағдайдан кейін мектеп оқушыларының қауіпсіздігі мәселесі қайта талқылануда. 14 сәуір күні Қаракемер ауылында екі тоғызыншы сынып оқушысының мәйіті табылды. Тергеудің алдын ала нұсқасына сәйкес, жасөспірімдер өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу әрекеттерін жүргізуде. Тергеушілер туыстарын, сыныптастарын және мұғалімдерді сұрастырып, қайғылы жағдайдың ықтимал себептерін тексеріп жатыр? — деп хабарлайды «Эк-спорт» АА.

Алайда жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл соңғы айлардағы алғашқы мұндай жағдай емес. Қордай ауданының тұрғыны, шаруа қожалығының басшысы және ауыл шаруашылығы саласының ардагері Хусей Дауровтың мәлімдеуінше, шағын ғана Қаракемер ауылында соңғы жарты жылда бірнеше қайғылы оқиға орын алған, бірақ олар жайлы қоғам кеңінен хабардар болмаған.

«Бір ғана Қордай ауданының ауылында жарты жыл ішінде бес бала өзіне қол жұмсады. 14 сәуірде Қаракемер ауылындағы сарайдан екі тоғызыншы сынып оқушысының мәйіті табылды, алдын ала дерек бойынша олар суицид жасаған. Бұған дейін тағы үш бала өзіне қол жұмсаған, бірақ аудандық билік бұл жағдайларды жария етпеді. Соның салдарынан тағы екі оқушы қаза тапты», — дейді Дауров.

Оның айтуынша, бұл шамамен үш мыңға жуық халқы бар шағын елді мекен. Соған қарамастан, соңғы жылдары ауыл инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарған.

«Қаракемер — үш мыңға жуық тұрғыны бар шағын ауыл. Өткен жылы мұнда жаңа заманауи мектеп салынды, ірі спорт кешені де бой көтерді. Аудан басшылығында осы ауылдан шыққан азаматтар көп, аудан әкімінің екі орынбасары да Қаракемерден, мектеп директорларының көбі де осы ауылдың тумалары. Қарағанда бәрі жақсы сияқты. Бірақ соңғы жарты жылда бес баланың және бір ересек адамның өмірден өз еркімен кетуі — жергілікті билік жұмысына берілген ауыр баға», — дейді ол.

Аудан тұрғыны болған оқиғаларға облыстық және республикалық деңгейде неғұрлым қатаң реакция қажет деп санайды.

«Жамбыл облысының әкімдігі мен Үкімет бұл және өзге де суицид жағдайларын мұқият тексеріп, аудан әкімдігінің жұмысына толық баға беруі тиіс. Қаза болған балалардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. Бірақ бұрынғы суицид фактілерін жасырған және жаңа қайғылы жағдайларға жол берген аудандық биліктің әрекетсіздігіне әділ баға берілуі керек», — деді Дауров.

Ол сондай-ақ аудандағы әлеуметтік мәселелерге назар аударады және олардың қоғамдағы жағдайға жанама әсер етуі мүмкін екенін айтады. Оның сөзінше, тұрғындар жер телімдерін бөлу мен қоғамдық кеңістіктердің қолжетімділігіне алаңдаулы.

«Ауданда жер телімдері ашық сатылып жатыр, бағасы ірі қалалармен шамалас. Ал ауыл тұрғындары үшін тегін жер алу мүмкіндігі өте шектеулі. Шу өзенінің шекаралық қорғалатын аймағы түрлі бизнес қажеттіліктеріне берілген, өзен жайылмасының кей жерлері биік қоршаулармен жабылған. Ауыл маңындағы жайылымдар мен демалыс орындары да сатылған немесе жалға берілген», — дейді ол.

Дауровтың пікірінше, бұл қайғылы жағдайлар жасөспірімдер арасындағы суицид себептерін кеңінен қоғамдық талқылауға түрткі болуы тиіс.

«Біздің ортақ міндетіміз — елдегі жаппай суицидтің себептерін анықтау, әлеуметтік желілердің балалар психикасына әсерін зерттеу. Мүмкін, Парламент балалардың 15–16 жасқа дейін әлеуметтік желілерді пайдалануын заңнамалық тұрғыда шектеу мәселесін қарастыруы керек», — дейді ол.

Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Түрлі зерттеулер мен ресми статистикаға сәйкес, елде жыл сайын кәмелетке толмағандар арасында ондаған өз-өзіне қол жұмсау фактілері тіркеледі. Сарапшылар негізгі қауіп факторлары ретінде мектептегі буллингті, отбасылық жанжалдарды, психологиялық қысымды, сондай-ақ интернет қауымдастықтар мен әлеуметтік желілердің ықпалын атайды.

Соңғы жылдары мемлекет мұндай жағдайлардың алдын алу үшін түрлі шаралар қабылдауда. Мектептерде психологтар жұмыс істейді, жасөспірімдердің психологиялық мәселелерін ерте анықтау бағдарламалары енгізілуде, профилактикалық жұмыстар мен оқушылардың эмоционалдық жағдайын бақылау жүргізіледі. Алайда мамандар бұл шаралардың әлі де жеткіліксіз екенін мойындайды

Об авторе: Нагима Ажигулова


Добавить комментарий

© 2026 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика