Среда, 11 декабря 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
21:46, 20 июня 2019

ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР: Тараз ақылды қалаға айналуда


«Цифрлы Қазақстан» жобасы Таразда қалай енгізілуде және осыған байланысты қала келбеті қалай өзгеруде? Біздің тілшілеріміз аталмыш мемлекеттік бағдарламаның барынша қызғылықты тұстары туралы әңгімелейді. 

Ақылды қарқынмен

Бүгінде Таразда «Смарт-Тараз» жобасы жүзеге асырылуда. Онда осы жобаның негізгі бес бағыттағы 20 тармағы қамтылған. Олар – білім, денсаулық сақтау, ТКШ, көлік, агроөнеркәсіп кешені және қауіпсіздік. Қарқынды жүзеге асыру деген асығыс-үсігіс дегенді білдірмейді – бұл мәселеде ақылмен ойластырылған жұмыс керек. Дегнмен алғашқы нәтижелер бар.

Өткен жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты цифрландыру аясында қалалық сумен қамтамасыз ету жүйесі автоматтандырылған болатын. Алда «ақылды квартал» жобасын енгізу жоспарланып отыр. Яғни көп қабатты 315 тұрғын үй «е-Шаңырақ» біртұтас ақпараттық жүйесіне қосылады. Сонымен қатар қалада коммуналдық қызмет төлемдері жасалатын бірыңғай есептесу орталығы ашылмақ.

Облыс орталығында түнгі жарықтандыру жүйесін жетілдіру жөніндегі ауқымды жұмыстардың басталғанын да айта кеткен жөн. Түнгі жарық беру шамдарын қайта құрылымдау және ауыстыру жобасы аясында қаладағы бірнеше орталық даңғылда және 30 көшеде жүздеген бағаналар алынып тасталды. Себебі бұл ескі бағаналар техника қауіпсіздігі талаптары тұрғысынан қауіпті нысандарға айналды. Әлдеқашан ескірген түнгі жарық беру шамдары қызмет мерзімі әлдеқайда ұзақ, қазіргі заманғы жарықдиодты шамдарға ауыстырылуда.

Сонымен қатар қазіргі кезде қалада он километрдей кабель де ауыстырылып, орнына брондалған жер асты кабелдері тартылуда. Бұл аса күрделі жұмыс, мұнда қарапайым техниканы пайдалана алмайсың, өзге коммуникация желілерін, асфальтты зақымдап алуың мүмкін. Сондықтан да «Жасыл Ел-Тараз» жұмысшылары траншеяларды қолмен қазып, ескі тіреулерді қолмен алды.

Жоба бойынша жақын арада баған арқылы тартылған электр желілерінің бәрі жер астына түсірілетін болады. Облыс орталығындағы түнгі жарықтандыру желісін жетілдіру жұмыстарының құны 68 миллион теңгені құрайды.

Денсаулық сақтау саласында электронды денсаулық төлқұжаттары енгізілуде. Бүгінгі таңда Тараздың 34 мың тұрғыны медициналық қызметтерді мобильді қосымшаның көмегімен алуда. Келесі жылға қарай олардың қатары 100 мың тұрғыннан асады деп күтіліп отыр.

Көлік саласында біртұтас диспетчерлік орталық пен бағыттағы автобустар үшін мобильді қосымша енгізілген. Жақын келешекте автобустарда электронды билеттендіру іске қосылмақ.

Үйден шықпай-ақ

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын ауыз сумен жабдықтаушы «Тараз Су» МКК да енгізіп жатыр. Ендігі жерде тараздықтар жарық, газ және су үшін төлемдерді үйде отырып-ақ жасай алады.

Еуропалық қайта құру және даму банкімен және «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесіп, «Тараз Су» базасында жаңа операциялық зал ашылды. Яғни енді Тараз тұрғындары тұтынылған су үшін төлемді тікелей өз компьютері арқылы төлей алады. Бұған дейін тараздықтар электр энергиясы мен қалалық телефон үшін ғана интернет арқылы төлем жасай алатын еді.

— «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде «Тараз Су»  мемлекеттік-коммуналдық мекемесі базасында цифрландырылған орталық ашылды, — дейді «Тараз Су» МКК директорының орынбасары Гүлмира Тоқаева. – Бұл тұрғындарға қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Ел ендігі жерде бұрынғыдай күнұзақ кезекте тұрмайды. Мұнда электронды кезек терминалы орнатылған. Сондай-ақ үйде отырып-ақ барлық төлемді жасап, бірқатар маңызды мәселелерді шешуге болады. Қажет болса, операция залына келіп, мамандарымыздың көмегіне жүгіне алады. Мұндай электронды қызмет орталықтары жемқорлыққа жол бермеу үшін де ашылуы керек.

Облыс орталығындағы су-кәріздік шаруашылық қала қарқынды салынып жатқан XX ғасырдың 60-70-ші жылдары жүргізілген. Қаланың тіршілігін ауыз сумен қамтамасыз етумен және шайындыларын қала сыртына шығарумен айналысатын «Тараз-су» МКК теңгерімінде 416 км су құбыры желісі, Жалпақтөбе ауылындағы қуаттылығы тәулігіне 69 мың текше метрлік және Құмшағал ауылындағы қуаттылығы 111 мың текше метрлік екі ірі су алу қоймасы бар. Сонымен қатар кәсіпорында қала аумағындағы 35 дербес ұңғыма, сондай-ақ су жинайтын 11 резервуар бар.

Жоспарлар мен жобалар

Жақын арада  Таразда Халықаралық IT-стартаптар технопаркінің Astana Hub жобасы бойынша жасалған Тараз Хаб жобасын іске қосу жоспарланып отыр. IT-орталықтың негізгі мақсаты – IT  мамандарының жаңа тобын тәрбиелеп шығарып, оларды робототехникаға, ВЕБ-бағдарламалауға баулу.

Орталық базасында биыл барлық информатика, робототехника және и 3D-модельдеу оқытушылары даярланбақ. «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында білім саласындағы үш жоба енгізіліп жатыр. Бірінші жоба – «ақылды балабақша», яғни балабақшаларды автоматтандыру. Қаладағы барлық мектепке дейінгі ұйымдар тегін негізде 100% автоматтандырылған.

Бұл — мектеп жасына дейінгі балаларды кезекке қоюдың автоматтандырылған электронды жүйесіне көшкен 111 балалар бақшасы. Мұндай шаралар мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметінде ашықтықты қамтамасыз етеді және жемқорлық тәуекелдеріне жол бермейді.

Екінші жоба – «ақылды мектеп», балаларды бірінші сыныпқа қабылдау, бүгінгі таңда мектептердің бір бөлігі автоматтандырылып қойды, қалғандарын үстіміздегі жылдың 15 желтоқсанына дейін автоматтандыру жоспарланып отыр. Үшінші жоба – «ақылды колледж», оның аясында қаладағы барлық колледж де автоматтандырылмақ.

Цифрландыру саласындағы барлық жобалар жүзеге асырылғанда аймағымыздағы жиынтық экономикалық тиімділік те елеулі түрде өсетін болады деп күтілуде.

Қалада қазірдің өзінде ІТ-лицейдің робототехника және Web-бағдарламалау кабинеттері жұмыс істейді. Қазіргі заманғы цифрлы технологиялар мен бағдарламалар өскелең ұрпақ бойына цифрлы экономикаға қажетті  біліктіліктерді дарытуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ақпараттық технологияларға оқыту қаланың да, аудандардың да көптеген мектептерінде қарқынды жүргізілуде. Робототехника кабинеттері ашылған, ІТ-сыныптарда сабақтан тыс дәрістер жүргізілуде. Жүзге тарта оқушы Тараз техникалық шығармашылық орталығында робот құрастырумен айналысып жүр.

Бір сөзбен айтқанда қазіргі заманғы технологиялар қазірдің өзінде Тараздың ғана емес, оның әртүрлі жастағы тұрғындарының да өмірін өзгертуде. Осылайша қала заманауи әрі ақылды қалалар қатарынан орын алуға қарай сенімді қадам жасауда!

СЭР журналы

Об авторе: Жанна Сулеймани


Добавить комментарий

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика