Яндекс.Метрика
Четверг, 25 апреля 2019   Подписка на обновления  RSS
Четверг, 25 апреля 2019   Подписка на обновления  RSS
Популярно
23:53, 08 апреля 2019

ЧЕМПИОНДАР ҰСТАХАНАСЫ


Бокстан Афина Олимпиадасының чемпионы, Баркер Кубогінің иегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Бақтияр Артаевты, дзюдодан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, күні кеше ғана Түркияның Анталия қаласында өткен Гран-при турнирінде алтыннан алқа таққан Елдос Сметовты білмейтін қазақ жоқ десек артық айтқандық емес, ec-sport.kz деп хабарлайды.

Дегенмен, осы даңқты жерлестеріміздің Тараз қаласындағы №2 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлектері екенін екінің бірі біле бермейді.

Осындай Олимпиада жұлдыздарын тәрбиелеген бұл спорт мектебінің негізі 1997 жылы қалалық мекеме ретінде қаланған болатын. 2009 жылды Жамбыл облысы әкімінің қаулысы негізінде мектепке облыстық деген мәртебе беріліп, «Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы №2 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі атанды.

Оқушыларды дене шынықтырумен және спортпен жүйелі шұғылдануға тарту, спортшылардың денсаулығын нығайтуға және дене мүмкіндігін жан-жақты жетілдіруге, олардың отансүйгіш, ұлтжанды азамат болып қалыптасуына бағытталған дене шынықтыру-сауықтыру және тәрбиелік жұмыстарды жүзеге асыру, спорт резервін, облыстық, республикалық құрама командаларға үміткерлер мен жоғары дәрежелі спортшыларды даярлауды қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейтін спорт мекемесі содан бергі жиырма екі жыл уақыт аралығында өзіне артылған міндеттерді абыроймен атқарып келеді деуге болады.

Мектеп қабырғасынан шыққан ондаған спортшы биік шыңдарды бағындырып, көптеген халықаралық ареналарда еліміздің көк байрағын желбіретті. Олардың қатарында жоғарыда айтылған Бақтияр мен Елдостан басқа армрестлингтен  Әлем чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы Дмитрий Трубин, Әлем чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы, 2018 жылғы Көшпенділер ойындарының жеңімпазы Оксана Письменная, каратэдодан Әлем чемпионатының үш дүркін жеңімпазы Айгерім Тұрсынбекова, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, Әлем чемпионатының жеңімпазы Гузалия Гафурова бар. Мектептің 250-ден аса түлегіне «Қазақстан Республикасының спорт шебері», 60-тан аса түлегіне «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атақтары берілген.

-Бүгінде мектебімізде 1157 спортшы бокс, грек-рим күресі, еркін күрес, таеквондо, каратэ-до, армрестлинг, кикбоксинг, ушу-саньда, үстел теннисі, шахмат, футбол сияқты спорт түрлерінен өздерінің шеберлігін шыңдауда. Оларды спорттың қыр-сырына баулумен білікті 49 жаттықтырушы айналысады. Алтауының «ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы», сегізінің «ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері», онының «ҚР спорт шебері» деген жоғары атақтары бар. Ал төртеуі — бірінші санатты, оны екінші санатты  жаттықтырушылар, — дейді  мекеме басшысы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы», педагогика ғылымдарының кандидаты Марат Темірқалиұлы Стамқұлов.

Осындай жоғары білікті мамандар жаттықтырып жатқан мектеп спортшыларының жетістіктері де көңіл қуантады. Атап айтқанда соңғы жылдары үш спортшысы  Әлем чемпионатында  — І орынды, екі спортшысы — ІІ-орынды, екі спортшысы – ІІІ-орынды, Әлем Кубогында тоғыз спортшысы – І-орынды, бес спортшысы — ІІ-орынды, төрт спортшысы – ІІІ-орынды, Азия чемпионатында сегіз спортшысы – І-орынды, алты спортшысы — ІІ-орынды, екі спортшысы – ІІІ-орынды, Қазақстан Республикасының чемпионатында 57 спортшысы – І-орынды, 18 спортшысы — ІІ-орынды, 19 спортшысы – ІІІ-орынды жеңіп алды.

Облысымыздың, еліміздің спортын дамытудағы жетістіктері үшін №2 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі 2015 және 2017 жылдардың  қортындысы бойынша «Жамбыл облысының үздік спорт мектебі» атанды.

Об авторе: Эк-Спорт


Добавить комментарий

Свидетельство о постановке на учет № 16334 – ИА выдано Министерством информации и коммуникаций РК 3 февраля 2017 года
Главный редактор - Ефимова Е. В.

© 2019 Эк-Спорт