Пятница, 26 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
18:12, 05 июля 2018

АҚБОТА БАТЫРБЕКОВА: «ХАЙП ҚУЫП, ҒАЙЫП БОЛҒАНДАР ҚАНШАМА?»


Бүгінде қоғамда қызу талқыға түскен мәселелерге жиі араласып, өзіндік ойы бар блогерлер аз емес. Солардың бірі, Instagram әлеуметтік желісінде @akbotakainar есімімен белгілі журналист-блогер, Facebook-та «Бизнес в Таразе и в Жамбылской области» тобының авторы Ақбота Батырбекованың парақшалары танымалдылыққа ие. Әлеуметтік желінің қыр-сыры туралы бірнеше сұрақ қойған едік.

Әлеуметтік желіде өзін-өзі блогер сайлап алған адамдар көбейді. Сіздің ойыңыз?

Қазақта көрпеңе қарай көсіл деген тәмсіл бар. Бүгінде жастар арасында заманға сәйкестендіріп «инстаграмсыз адам, ормансыз бұлбұлға тең» деген әзіл-шыны аралас сөздер кеңінен таралған. Әлемде әр 8 секунд сайын бір адам әлеуметтік желіге тіркеледі екен. Қазақстанның өзінде үш жарым миллионға жуық адам желі пайдаланушысы. Мен ой-өрісі facebook пен Instagram шеңберінде ғана шектеліп жазатындарды «блогерлер» қатарына жатқызумен келіспеймін. Тіпті, өзімді «блогермін» деп айта алмаймын. Бұл санаттағы адамдарды желі белсенділері, пікір қалыптастырушы тұлға, т.с.с. сөздермен алмастырса, құптарлық.

 

Отандық блогерлер көбінде қандай мәселелерді көтереді?

Өкінішке орай, дін, тіл, өсек, қыз тәрбиесі сынды дастархан басында айтылатын мәселелер көбінде. Және бала психикасына кері әсер ететін негативті жаңалықтарды таратып, мінбердегілерді қаралап, сол арқылы халықтың ықыласына бөленіп, өзін ел жанашыры ретінде көрсетіп, атаққа ие болатын блогерлермен алыстан сәлемдесуге тырысамын. Заманауи тілмен айтқанда бұл «хайп»-тың бір түрі. Хайп қуып, ғайып болғандар қаншама?! Өзіне имидж қалыптастыратын, нақты бір бағытты ұстанған, мәселен туризм, ғылым, бизнес сынды саланың жілігін шағып, майын ішетін блогерлер саусақпен санарлық…

Елімізде әлеуметтік желіні негізгі табыс көзіне айналдырған адамдар бар ма?

Ғаламтор желілері жай ғана сөйлесу, пікір алмасу, ақпарат іздеу алаңы емес, соңғы кездері нағыз «табыс көзіне» айналды. Бизнеспен айналысуың үшін бір ғана смартфонның болуы жеткілікті қазірде. Егер де сен жарнамалаған затты сатып алып, әлеуметтік желіде сөздеріңе құлақ асатын өз аудиторияң болса, ақылы посттар неге жазбасқа? Мен пост жазу арқылы бүтін отбасысын асырап, ел асып, шетел көріп, соңғы маркілі темір тұлпар тізгіндеп жүрген блогерлерді танимын.Осы күні Instagram желісінде «бренд-амбассадор» мамандығы кең етек жайды. Яғни фаст-фуд,  мейрамхана, әйгілі бренд киімдер дүкендері оқырманы көп fashionbloger, foodbloger-лерді жарналамау жұмыстарына тартады. Бұл да бизнестің бір түрі.

Ал сіз ақылы пост жазасыз ба?

Менің Instagram парақшамда 8000 оқырман бар. Бұл Тараз қаласы үшін аз да, көп те емес аудитория. Билікке қатысты, біреуге күйе жағу арқылы ақылы пост жазудан бас тартамын (ондай ұсыныстар болған), ал коммерциялық бағытта кәсіпкердің жеке бизнесін жарналамап, сүйемелдеуге қарсы емеспін.

Сұхбатыңызға рахмет!

 

«СЭР» журналы, № 3/2018 ж.

Об авторе: Нуралы Абдуалиев


Добавить комментарий

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика