Вторник, 25 августа 2026   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
11:07, 16 июля 2026

Жамбыл облысында жол саласында 70-тен астам жоба жүзеге асырылуда


Заманауи көлік инфрақұрылымын дамыту Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Сапалы автомобиль жолдары, қауіпсіз көпірлер, қоғамдық көлікті жаңарту және жолаушылар тасымалының қолжетімділігін арттыру тұрғындардың жайлылығына, бизнестің дамуына және өңірдің инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер етеді. Сондықтан жолдарды салу және жөндеу, сондай-ақ көлік жүйесін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр, деп хабарлайды «Эк-спорт» АА.

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында айқындалған міндеттер аясында биыл өңірде жол саласына қатысты ауқымды жобаларды іске асыру жалғасуда. Биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын және елді мекендердің көшелерін салуға, реконструкциялауға және жөндеуге 23,4 млрд теңге қарастырылған.

– Бұл қаражатқа 73 жоба жүзеге асырылуда. Олар екі көпір мен үш теміржол өткелін салуды, көшелердің 5,7 шақырымын реконструкциялауды, сондай-ақ 128,9 шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізуді көздейді. Жобалардың 33-і өткен жылдан ауысқан, тағы 40 жоба биыл алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Бүгінде 19 нысан толық аяқталды, – деді Жамбыл облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов.

Оның айтуынша, орындалып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Құрылыс пен жөндеудің барлық кезеңінде бақылау жүргізіледі. Ұлттық жол активтері сапасы орталығының мамандары бүгінде 26 нысанда 57 инспекциялық тексеру жүргізді. Мониторинг барысында жол-құрылыс материалдарының 184 сынамасы алынды. Анықталған ескертулер бойынша мердігер ұйымдарға тиісті нұсқамалар беріліп, кемшіліктерді жою жұмыстары тұрақты бақылауда.

Жол желісін дамыту жұмыстарымен қатар облыста қоғамдық көлікті жаңғырту да жалғасуда. Қазіргі таңда өңірде 34 тасымалдаушы қызмет көрсететін 163 автобус бағыты жұмыс істейді. Күн сайын желіге 814 автобус шығады.

Автобус паркін жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Биыл қалаішілік бағыттарға қызмет көрсету үшін 10 жаңа автобус сатып алынды. Жыл соңына дейін тасымалдаушылар тағы 40 автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар ауданішілік бағыттар үшін екі жаңа автобус сатып алынды. Бұл ауылдық елді мекендердің көлік қатынасының қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге жолаушылар тасымалы саласында тәртіп орнату жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері заңсыз тасымалдаушыларды анықтау мақсатында 20 рейдтік іс-шара өткізілді. Тексеру нәтижесінде 251 әкімшілік хаттама толтырылып, салынған айыппұлдардың жалпы көлемі 2,3 млн теңгені құрады.

Жол инфрақұрылымын дамыту және жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мәселелері Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды. Өңір басшысы барлық жобаларды іске асыру кезінде басты өлшем орындалатын жұмыстардың сапасы болуы тиіс екенін атап өтті.

Облыс әкімі әрбір жол жобасының жүзеге асырылу барысына апта сайын мониторинг жүргізуді, туындаған мәселелерді уақытылы шешуді және құрылыс пен жөндеу жұмыстары кезінде тек техникалық талаптар мен қолданыстағы стандарттарға сәйкес келетін асфальтбетон қоспаларын пайдалануды тапсырды.

Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев заңсыз жолаушылар тасымалының жолын кесу жұмыстарын күшейтуді, стихиялық аялдамалар мен көліктердің рұқсат етілмеген тұрақ орындарын жою мақсатында тұрақты түрде бірлескен рейдтер өткізуді тапсырды.

Бұдан бөлек, аудан орталықтарында автостанциялар мен жолаушыларға қызмет көрсету пункттерін ашу, сондай-ақ өз жұмысын тоқтатқан нысандардың қызметін қайта жандандыру мәселелерін ерекше бақылауға алу тапсырылды.

Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен аудан әкімдеріне жол-құрылыс жобаларын уақтылы әрі сапалы іске асыру және облыстың көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Об авторе: Нагима Ажигулова


Добавить комментарий

© 2026 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика