Понедельник, 14 октября 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
8:31, 08 декабря 2020

Рахия Тұрмаханбетова: Мемлекет тілді білу – заман мен өмір талабы


«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы «СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ» атты Қазақстан халқына Жолдауында. Бұл бағыттағы жұмыстар облысымызда қалай атқарылуда? Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетовамен сұқбатымыз осы мәселе төңірегінде өрбіді.

—              Рахия Сейітбекқызы, мемлекеттік тілді оқып-үйренудің Жамбыл облысындағы жай-күйі қалай?

—              Мемлекеттік тілді білу – заман мен өмір талабы, қоғамның қажеттілігі. Ата Заңымызда Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі екендігі атап көрсетілген. Сонымен қатар мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды. Бұл орайда біздің өңірде мемлекеттік тілді оқып-үйренуге барлық жағдай жасалған. Біздің басқарма жанындағы Тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі курстарында 2200-ден астам тыңдаушы тегін оқып жатыр.

—              Бұл жұмыстарға елімізде, облысымызда пандемияға байланысты енгізілген шектеулер кедергі келтірген жоқ па?

—              Президентіміздің даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізу туралы тапсырмасын орындау бағытындағы жұмыстар облысымызда пандемия кезінде де тоқтаған жоқ. Елімізде биыл көктемде жарияланған төтенше жағдайға байланысты біздің тілдерді оқыту орталығы бірден мемлекеттік тілді онлайн оқытуға көшті. Әлеуметтік желілерде қазақ тілі бойынша «Үйде отырып, қазақ тілін бірге үйренеміз!» вебинарлары, «Qazonline», «Отбасында қазақ тілін бірге үйренеміз» онлайн-сабақтар өткізілуде.

Сонымен қатар әлеуметтік желі пайдаланушыларының назарына «Үйде отырып, ағылшын тілін бірге үйренеміз!» онлайн-сабақтары, «NewEmle», «Мотивационные слова на латинской графике» латын қарпімен жазудың ережелері, «#Abai175#qyzyqtyderekter» ақпараттық постерлері ұсынылуда.

Facebook және Instagram парақшаларында «Мен қазақша сөйлеймін» челленджі өткізілуде. Эстафета қоғамдағы мемлекеттік тілдің мәртебесін, этнос өкілдері арасында қазақ тілін оқуға деген ынта-ықыласты арттыруға бағытталған.

Әлеуметтік желілерде тіл саясатын насихаттау мақсатында «Тілге құрмет – елге құрмет!», «Біз біргеміз», «Үйде болыңыз»  хештегтерімен жалпы 70-тен  астам онлайн-сабақтар, сондай-ақ 540-тан астам видеороликтер енгізілген челлендж, ақпараттық постерлер орналастырылды.

—              Онлайн оқуға, әлеуметтік желілердегі жаңаша жұмыстарға жамбылдықтардың көзқарасы қандай?

—              Мемлекеттік тілге оқытудың мұндай үлгісі жамбылдықтар арасында үлкен танымалдыққа ие екенін көріп отырмыз. Оны 230 мыңнан астам көрілімдер мен лайктардан және жүздеген пікірден аңғаруға болады. Бүгінгі таңда онлайн іс-шаралармен барлығы 50000  адам қамтылып отыр.

—              Қордайда орын алған оқыс оқиғадан кейін осында топтасып тұратын дүнген ағайындардың көпшілігінің мемлекеттік тілді меңгермегені, балаларының мектеп, балабақшаларда қазақ тілін оқымайтыны анықталған болатын. Жағдайды түзеу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

—              Ауданда мемлекеттік тілді оқыту курстарының саны көбейді. Қазір мұнда 990-нан астам тыңдаушы оқып жатыр. Дегенмен кез келген тілді меңгеру пәрменді болуы үшін міндетті түрде тілдік орта қажет. Міне осы мақсатта қордайлықтардың қазақ тілін еркін араласу арқылы үйренулері үшін биыл маусым айында Қордайдағы Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр, Аухатты, Бәйтерек, Қарасу ауылдарында «Ашық аспан астындағы «Soile» клубы» салтанатты түрде ашылды. Оған 1000-нан астам адам қатысты.

Бұл елдімекеннің бәрінде клуб отырыстары TedX әдісін қолдана отырып жаз бойы ашық аспан астында апта сайын өткізіліп тұрды. Жалпы қордайлықтар ел тұтастығының басты факторы болып табылатын мемлекеттік тілді оқып-үйренуде белсенділік танытуда. Нәтижесінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген адам тілдік орта қалыптастырып, қазақ тілін еркін қатынас құралы ретінде пайдалана бастайтын болады.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Сортөбе ауылына сапары барысында «Soile» клубының кезекті отырысына қатысып, клуб мүшелерімен пікірлесті. Облыс әкімі адамның басты құндылықтарының бірі тілі екендігін, мемлекеттік тіл ұлтаралық қатынас тілі ретінде пайдаланылуы керектігін айтты.

—              Рахия Сейітбекқызы, тілдерді дамыту басқармасының басшысы ретінде жамбылдықтарға не айтқан болар едіңіз?

—              Мемлекеттік тіл мәселесі барлық уақытта, кез келген жағдайда аса маңызды әрі өзекті болып қала бермек. Тіл – халықтың рухы, оның рухани бөлшегі, халық тәуелсіздігінің символы және ұлттық бірегейлігінің басты белгісі. Қазақ тілі ұлттың тұрмыс-тіршілігін бейнелейді, қоғамымызды біріктіреді және топтастырады. Біз облысымыздың барлық тұрғындарын қолда бар интернет-ресурстардағы қазақ және ағылшын тілдерін үйренуге арналған үлгілерді пәрменді пайдалануға шақырамыз.

 

Об авторе: Нуралы Абдуалиев


Добавить комментарий

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика