Суббота, 20 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
12:42, 26 ноября 2018

Саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы Анкара жастарымен Елбасы мақаласын талқылады


Президент Назарбаевтің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Анкарада талқыланды. Мақала жарияланған 21 қараша күні Түркия астанасында білім алып жүрген отыздан аса қазақстандық студент саясаттанушы, тарихшы ғалым Берік Әбдіғалиұлымен кездесу өткізді.

Елден жырақта жүрсе де елдегі саяси оқиғаларға бейжай қарамай, әр салада жүрген студенттер таңертең ғана жарияланған Елбасы мақаласымен толықтай танысқан.Түрік елінде тәлім үйреніп жүрген жастар «Түркі конгресі» сияқты бастамаларды бірауыздан қолдайды. Ғұн, сақ дәуірінен Алаш Ордаға дейін, Тәуелсіз Қазақстан тағдырына дейінгі тарихты қамтыған кеш 4 сағатқа созылды. Қазақ жеріндегі тарихи қалыптасу мен мәдени, саяси өмірі туралы қызу талқы өрбіді. Берік Әбдіғалиұлына жастар белсенді сұрақ қойып, ашық дискуссия жасап, пайым-пікірлерімен бөлісті.

Журналистика, тарих, компьютер инженериясы, дінтану сияқты түрлі мамандықтарда магистрлық, докторлық оқып жүрген студенттер президент Назарбаевтің мақаласын жылы қабылдағанын, қойылған міндет-мақсаттардың қажеттілігін бірауыздан атап өтті.

Анкара Хажы Байрам Вели университетiнiң докторанты Мырзахан Байжанұлы кешке модераторлық етті. «Көк Ту» Қазақ мәдениетi қауымдастығы Төрайымы Ләззат Мүләзiмоғлу мен негiзiн қалаушы мүшесi Асел Лахаева студенттер өмірі туралы сөз сөйледі. Кония қаласынан келген филолог Елдос Сүлеймен «Архив-2025» бағдарламасын көп үміт артып, Қытайда ашылмай жатқан деректің көп екендігіне назар аудартты. Ал, домбырашы Ержан Арқабай Анкарада өзі ашқан домбыра курсына қызығушылардың көп екендігін, ортақ мәдениет пен музыканың, әдебиет пен философияның түркі әлемі үшін маңызын айтып өтті.

Кездесу барысында сонымен қатар Кенесары ханнан бері қарайғы отарлыққа қарсы күрестер мен Алаш қайраткерлерінің мемлекет құруға талпынысы, желтоқсан көтерілісінің мемлекет тәуелсіздігіндегі алар орны айрықша атап өтілді.

Жастарды тыңдаған Берік Әбдіғалиұлы «Рухани жаңғыру» идеясының мән-мағынасы мен миссиясы турасында кең түсінік берді.

Берік Әбдіғалиұлы. Мемлекеттік санамызды көтеріп, рухты биіктетін тарихтағы есімі ұлы тұлғалғар, батырлар, ерлік дастандары

«Мақала шынында да біздің рухымызды көтереді. Аталарымыздың атты әлемде алғаш қолға үйретіп бізге мақтаныш сезімін сыйлайды. Бұрын да білетінбіз, бұны Елбасының айтқаны бөлек. Өйткені бізге шын мәнінде мақтаныш сезімі керек. Бұл құр мақтаншақтық деп ойламаңыз, мақтаныш сезімі рухтандырады Рух дегеніміз ұлттық код, қазақша айтқанда тектілік. Ол кетпейді, өзін іздейді. Жапон да, неміс те инновациямен, жасампаздықпен әлем алдында өздерін қайта мойындатты. 

Мемлекеттік сананы көтеріп, рухты биіктетін тарихтағы есімі ұлы тұлғалғар, батырлар, ерлік дастандары. Монғолдар Шыңғысхан қолбасшылық даңқымен мақтанады, өзбектер Шыңғысханнан кейінгі жарты әлемді жаулаған Әмір-Темірдің есімін ту етсе, қырғыздарды Манас жыры барша әлемге танытты. Ататүрік болса түрік ұғымы төңірегінде топтастырып, ұлттық қозғалыс ұйымдастырып, Түркияны құрды. Елбасының мақаласында тұлғалар арқылы рухымызды тіктеу ерекше сөз болып отыр. Біз өкінішке орай соншама жыл бодандықта болып азат рухымызды түсіріп алдық. Кейін қалғандай сезінетін комплекс пайда болды. Біз дұрыс мақтана білмейміз.

Біз ұлтты біріктіретін тұлға таба алмай жатамыз. Абылайханды білуіміз мүмкін. Көптеген хандарымыздың тұлғалық, қайраткерлік болмысын тани алмадық. Хандарға ескерткіш жоқ. Көп тарихымызды ұмытып қалдық. Мысалы Қасым ханның, Бұрындық ханның, Хақназар ханның еңбегі. Білетініміздей Кенесары ханның образы Ресейдің империялық саясатына қарсы күрестің символы. Оны біздің насихаттайтынымыз бізге сол рух жетіспейді. Қасиетті, киелі жерлер деп біз көбіне сол батырлар жатқан жерлерге мән бердік. Батырлық рухты оятуды мақсат еттік.

Қазақта XIX ғасырда екі таңдау болды. Біріншісі орысқа бодан болу, екіншісі қарсы соғысу. Кенсары мен Жәңгірхан қарсы образдар. Жәңгірхан батыста орыспен дос болайын, елімді дамытайын, балаларды оқытайын, жерімді түгендеп алайын, территориямды кеңейтейін деп орысқа бодан болды. Махамбет, Исатайлар оған қарсы шықты. Кімдікі дұрыс? Сол Жәңгірханның арқасында Бөкей орданы, бүгінгі Оралды, Атырау мен Жайықты сақтап қалдық. Елге жасаған пайдасы өте зор.  Жәңгірхан қаншама қазақ баласын оқытып, мектеп ашты. Қаншама зиялылар шықты. Торғайда Ыбырай Алтынсаринның мектептерінде оқығандарда қазақ даласына екінші рет дүмпу туғызды. Алаш арыстары шықты.  Сол сияқты Мұса Шорманов Арқадағы үлкен тұлға. Аға сұлтан болып Кенесарыны қолдамады. Бірақ сол кісінің ықпалымен ашылған интернатта жастар білім алды. Байларды баласын оқытуға мәжбүрледі. Қазақ оқығандарының үшінші дүмпуі солар болды. Орыстың білімін алды да жолы ашылды. XX ғасырдың басында үлкен зиялы қауым болды. Бір қарасаң бәрі дұрыс. Бірақ, Кенесары да болды ғой қастарында. Олар біріккен жоқ. Жәңгірхан, Мұса Шормановтар, басқаларда қарсы шықты. Біз орысты жеңе алмаймыз, білекпен күрескенше біліммен күресейік, ғылыммен қарсылық жасайық деді. Кенесары керісінше күресті, тұтқынға түсті, қарсылықтан қаны төгілді, жаны қиылды. Мен салыстырмалы түрде бірнеше тұлғаның образын қарап отырмын. Бізде мұндай мысал көп. Кенесарыға халықтың бәрі ерсе қырылып қалуы мүмкін ба еді? Бірақ олар азат кетті, мойын имей, рухы биік, бодан болмай, құл болмаймын деп кетті. Соны біз аңсаймыз. Өйткені бізде батырлық жоғалып, соны қалпына келтіре алмай жатырмыз.

Құлдан ақыл сұрама дейді. Біз әлі күнге дейін құлдық санадан құтыла алмай жалтақтап келеміз. Керісінше бір-бірімізге тиіскіміз келіп тұрады. Тіпті бізде ашаршылық туралы материал жоқ. Санамызға үрей сіңіп кеткен. Созақта 1931 жылы аштық кезінде көтеріліс болған. Соған қатысқан 300 шақты кісі әлі ақталмаған. Оларды ақтауға ҰҚК «Олар репрессияның құрбаны емес қылмыскер болды ғой, Қызыл әскерге қарсы соғысты, адам өлтірді» дейді. Ондай көтерліс Абыралыда, Маңғыстауда, Шұбартауда, Ақсуда да болды. Бірақ соның саяси себебін қарағысы келмейді. Біз осылай 200 жылдан бері жаншылып кеткен өзіміздің азаттық аңсаған, батырлық рухымызды қалпына келтіре алмай жатырмыз. Аштықтан, репрессиядан ұлттық кодымыз бәсеңсіп қалды. Сондықтан, Ұлттық рухымызды тірілтуге, мемлекеттік санамыз бен ұлттық тұтастығымызды қалыптастыруға, кеудесін мақтаныш кернеген халық болуымызға, тұтас тарихи сана-сезімді қалыптастыруғаЕлбасы мақаласының маңызы зор.

Елбасының жазғаны мақала. Бұйырық емес, бағдарлама емес. Ал, осы мақала аясында ғалымдарға үлкен жүк артылып отыр. Арғы тегімізді зерттеп, ұлы халықтың мұрагері екенімізді дәлелдеу, деректерді ғылыми айналымға енгізу ғалымдардың жұмысы.»

Таяу Шығыс техникалық университеті түлегі, Анкарадағы АНКАСАМ зерттеу орталығы Еуразия бөлімінің басшысы, PhD докторДінмұхаммед Әметбек Елбасы мақаласын тарихпен сабақтастыра талдады.

Дінмұхамед Әметбек. Түркі өркениетінің XXI ғасырда жаңа бір белеске жетуі негізінен Қазақстанға байланысты

«Османлы патшалығында халық пен билеуші топ екі бөлек өмір сүрді. Араб тілінде хүкім жүргізіп, парсы тілінде әдебиет қалыптастырған басқарушы топ жай бұқара тап – түрік шаруаларды  ахлақсыз, санасыз, жабайы түрік (Etrak-ı bi İdrak) деп атайтын. Осман мемлекеті ыдыраған тұста арабтар, албандар, балқандар бөлек-бөлек мемлекет болып кетті де, Түркияға ие болып түріктер қалды. Мұстафа Кемал паша мен серіктерстері билікке келіп жаңа республика құрғанда бұл мемлекетке жаңа бір біріктіруші идеалогия қажет болды. Олар сөйтіп жаңа мемлекетке түрік деген атау береді. Оған дейін түрік сөзі көп қолданылмайтын. Басқалар түрік деп атаса да түріктер өзін османлы деп келді. Ататүрік екінші сорт саналып келген халықтың рухын көтеру үшін «Түрік болу қандай бақыт» дейтін сөзді жалпыхалықтық ұранға айналдырды.

Қазақстанмен салыстыратын болсақ, ашығын айту керек, Кеңес үкіметінде қазақтар екінші сорттағы адамдар сияқты еді. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі осындай теңсіздікке қарсылықтан туды. Біз тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болдық. Бірақ бастапқыда Елбасының басымдылықтарында ұлттық идеология бола қойған жоқ. Басымдылық экономиканы көтеру болды. Екінші жағынан,  Қазақстанның демографиялық жағдайында қазақтардың рухын көтеру үшін мүмкіндік қажет еді. Қазақстанда реформалар «Алдымен экономика, сосын саясат» модулінде жүрді. Ішкі саясатымызда да, сыртқы саясатымызда да осылай.

Арада ширек ғасыр өтіп, қазақтар демографиялық жағынан да, экономикалық жағынан да есін жиғаннан кейін бізге жаңа бір рух беретін, біріктіруші идея қажет болды. Білесіздер, осы мақсатта бір жарым жылдан бері «Рухани жаңғыру» жүріп жатыр. Түркия мен Қазақстанды салыстыруды жалғастырсақ, Түркия түрікшілдік иедологиясын қалыптастыру үшін арнайы ғылыми зерттеу жасады. Түрік тілі инститиутын құрып, бүгін қолданып жүрген «Ыстамбұл түрікшесін» қалыптастырды. Қалыптастырды дегенде, тілді қайдан алады? Әрине Түркістаннан. Қазақ тілінен, қырғыз тілінен алады. Әсіресе мемлекетті басқаруға қатысты ұлыс, құрылтай, егемен деген сияқты сөздер. Екіншіден, тарихи сананы жандандыру үшін Түрік тарих институтын құрады. Сонау ғұн дәуірінен бастап бүкіл түркі тарихын түрік тарихы деп жазады. Қызық дерек, Түркияның қарулы күштерінің, құрылық әскерлерінің құрылу датасы біздің дәуірімізден бұрынғы 220 жыл. Мүмкін болғанша арыға, ескіге сүйрейді. Осылайша Ататүрік бұл реформаларды жасады, бірақ кішкене жасанды жүзеге асты. Өйткені Османлы империясынан шыққан Түркияның ислам әлемі идеологиясы бар. Халифат бар. Еуропа мүддесі бар. Осман империясы құрылғанда Византияның мұрасын алды ғой. Түркия да құрылғанда «түрік» атауын иемденді. Түрік өркениетіне ие болды. Бірақ уақыт өткен сайын қоғамдағы түрлі топтар әр жаққа тарта бастады.

Ал, Қазақстандағы қазақ ұлтының ұтып тұрған жері қазақтар атамзаманнан бері аталарының ғасырлар бері өмір сүріп жатқан жерін мекен етеді. Бүгін президент мақаласында айтылғандай, қазақтың ру аттары қазақ атауынан да ескі. Қазақтың рухын көтеру үшін осы рулардың тамыры тереңде екенін көрсету керек. Мақалада айтылғандай біреуді кемсіту мақсатымыз жоқ, бірақ қазақтар ата-бабасын білуі, солармен мақтануы керек. Мысалға ұлы жүздің ішіндегі қаңлы руы. Бұл рудың тарихын зерттесеңіз анау ғұн дәуірінен бірақ шығады. Қытай деректерінде «Сырдың бойында қаңлы деген ел өмір сүреді, олар тамақтан бұрын және кейін қолдарын жауады» дейді. Дулат руын қарайық, Болғарияның хандар шежіресінде барлығы дулат болатынын жазады, Аспарух дулат деген сияқты. Қоңырат руын алайық, Молдавада Гагаузия деген автономия бар. Оның Астанасы Комрат, бұл негізінде қоңырат. Жалайыр руы бір кезде Бағдатты жүз жыл билеген. Осылай зерттей берсек дерек көп, тарихымызға терең енген сайын біздің рухымыз көтеріледі.

Президентіміз «Ұлы даланың жеті қыры» деп жеті құндылығымызды санаған. Атқа міну, ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам, түкі әлемі бесігі, ұлы Жібек жолы  және алма мен қызғалдақтың отаны. Мағжан Жұмабаев Түркістан өлеңінің соңында

«Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,

Түріктен басқа от боп жан туып па?

Көп түрік енші алып тарасқанда,

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?!» дейді. Президент те мақаласында «Қазақ елі түркі әлемінің қара шаңырағы» дейді. Қара шаңырақ мәселесінен қазақ шежіресіне қарайтын болсақ, «Түрік менің төр ағам, Өзбек өз ағам» дейтін мақал бар. Осы мақалды Мәшһүр Жүсіп Көпеев былай талдайды: «Түркиядағы түркімендер(түріктер) қазақтардан бес ата үлкен, өзбектер үш ата үлкен» дейді. «Олар елшісін алып кеткен кезде қазаққа қара шаңырақ қалды» дейді. Географиялық ерекшелігіне қарасаңыз Қазақстан түркі әлемінің дәл ортасында орналасқан. Ұлы дала еліміз дейміз ғой, Қазақстан анау сақ, ғұндардан бастап, көк түріктер, Алтын орда боп жалғасып келе жатқан сабақтастықтың үзілмеуіне мүмкіндік жасады. Нақты үлгісі төре ұғымы. Өкінішке орай қазақтардан басқа елдерден шежіре ұғымы, төрелер, рулар ұмытып бара жатыр.

Төре – Шыңғысханның тұқымы ғой. Төрелерді құрметтейміз. Олар неге төре деп аталды десек, төре деген заң, заңдылық пен мемлекеттілікті ұстап тұрған адамдар. Бәлкім түрік деген атау да осыған мағыналас шығар. Қазақстан геосаяси жағдайда түркі әлемінің тура ортасында. Бұл бір жағынан қазақтарға белгілі бір жауапкерлішік артады. Шағатай ұлысының топырағындағы Өзбекстан шағатай ұлысын қабылдамайды. Екіншіден, өзбек атауы, Өзбекстан дейтін мемлекет атауы Шайбаниден шықты. Мұны да қабылдамайды. Осындай тұрғыдан Қазақстанға түсіп тұрған бірінші мәселе түркі мемлекеттері арасындағы сабақтастықты жалғастыру. Қуанышқа орай, қазақтар сақтардан бастап Алтын ордаға дейінгі барлық мемлекетті арғы тегіміз деп айта алады. Өйткені барлығында біздің аталарымыз. «Ел» мен «төре» сөздері тіркессөз ретінде көбінесе қатар қолданылса да, Махмут Қашқари еңбегінде «Ел қалар, төре қалмас» деген мақалды келтіріп, оған былай түсінік береді: саяси құрылымдар ескіріп қалады, жойылып кетеді, ал әдет-ғұрып пен салт-дәстүр ескірмейді. Содан болар «Мәңгі ел» қайта-қайта қалпына келіп отырған. Өйткені Түркілердің мемлекеттері ыдыраса да, ол елдің негізі, рухы – төре, яғни салт-дәстүр халықтың санасынан шықпаған.

Махмұт Қашғари  тағы бір сөзінде «Нағыз таза түрік тілін қалаларға келмейтін, Ұлы далада көшіп жүрген түркілер сөйлейді» дейді. Ол көшіп жүргендер қазақтар. Яссауи түркі әлемі үшін маңызды. Яссауи түркі әлемінің түркілік болмысын сақтап қалуы, арабтанбауы үшін, уахаби-сәлафи идеяларынан қорғану үшін яссауи идеясын қалыптастырды. Осы тұрғыдан президенттің Оңтүстік Қазақстан обылсын Түркістан облысы деп өзгертуі және облыс орталығын Шымкенттен Түркістанға өшіруі шынын айтқанда халлықаралық қатынастар үшін үлкен ерлік. Өйткені Түркістан атауынан Қытайдың өзі үркіп қалады. Ресей де секемденеді. Иран да қуанбайды. Осындай жағдайда біздің Түркістан атында облыс құруымыз ерлік. Осы Түркістан облысының Қазақстанның түркі әлемінің қара шаңырағы ролінде маңызы зор. Осы жерде Яссауидың ілімін, яғни түркілік-ислам түсінігін жандандырып, күшейтуіміз керек.

Қорыта айтқанда, Қазақстан түркі өркениетінің бесігі. Егер біз ата-бабаларымыздың бізге қалдырған мұраларын, жыр-дастандарын, ертегілерін, шежіресін сақтап қала алсақ рухы биік, мықты елге айналамыз. Сонда ғана алпауыт Қытай мен алып Ресейдің ортасында тең дәрежеде бір мемлекет боламыз. Сонымен қатар, Түркі өркениетінің XXI ғасырда жаңа бір белеске жетуі негізінен Қазақстанға байланысты».

 

Об авторе: Эк-Спорт


Добавить комментарий

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика