Пятница, 26 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
13:15, 26 ноября 2018

Нұркен Мәзбаев: НӘТИЖЕНІ КОМАНДА ЖАСАДЫ


Биылғы жылы «Тараз» футбол клубы маусымның басты міндеті – Премьер-лигаға шығу міндетін орындауға қол жеткізе алды. Мақсатқа жету жолының қандай болғаны туралы команданың бас жаттықтырушысы Нұркен Мәзбаев айтып берді, деп хабарлайды «Эк-спорт» Ақпарат Агенттігі.

—        Нұркен Қалдыбекұлы, клубқа жетекшілік ету туралы ұсынысты қалай қабылдадыңыз?

—        Әңгімені жыл басында «Тараз» КФК басшысы қызметіне тағайындалған Қанат Мұсатаевтың мені жаттықтырушы-селекцияшы ретінде жұмысқа шақырғанынан бастайын. Біз команданы және тұтас клубты қалай дамыту керектігі, селекциялық саясат турасында пікір алмастық. Қазақстан құрамасында бірге ойнаған, еліміздің футбол федерациясында бірге жұмыс істеген басшымен кәсіби футбол менеджментін жақсарту жолдарына деген көзқарасымыз бір еді.

Біраз уақыттан кейін спорт жөніндегі директордың орны босады. Оның қызметі клубтың футбол орталығын қоса алғанда спорттық бөлігін қамтиды. Дегенмен, біріншілікке қосылған команданың жолы болмай-ақ қойды. Өкінішті ұпай жоғалтулар… Алтыншы турдан кейін Ваид Талғаев қызметтен кету туралы өтінішін жазды. Бұл бәріміз үшін күтпеген жай болды, өйткені, қай қайсымыз да маусымның жаңа басталғанын, сондықтан, қорытынды жасауға әлі ерте екенін түсінетінбіз. Бірақ, Ваид Хамидұлы өз шешімін өзгертпеді.

Клубқа міндетті атқарушы ретінде басшылық жасау туралы ұсыныстың барлық жауапкершілігін сезіне тұрып, ойланбастан келісімімді бердім. Команда құрамына лайықтылар іріктелгендіктен Премьер-лигаға шығу міндетін орындауға болатындығына сенімді едім. Екі ойыншымыз алаңнан аластатылып, 0:0 есебімен аяқталған «Алтаймен» қонақтағы алғашқы ойынымыз командамызда мақсатқа жетуге мүмкіндік беретін мінез де, үлкен әлеует те бар екенін көрсетті.

        Сіз басшылықты қолға алғаннан кейін командада қандай өзгерістер жасағанды жөн көрдіңіз?

—        Біздің бірінші кезектегі міндетіміз жаңа сапалық деңгейге көтеру үшін команданы бір ғана мақсатқа топтастыру және ынталандыруды дұрыс негіздеу болды. Біз алдыңғы шептегі ойыншылар санын арттыру үшін және қорғаныс сапын өзгертуді жеңілдеті үшін ә, дегеннен бір ғана тірек ойыншымен ойнай бастадық. 1-4-3-3 сызбасы шабуылдаушы қимылдарға үлкен мүмкіндіктер берді. Дегенмен, жаңа ойыншылар шығарған трансферлік терезелерден кейін 1-3-5-2 сызбасына көштік. Көп адам мұны қорғаныс сызбасы деп есептейді. Ал, іс жүзінде матч барысында Мақсат Әмірханов пен Сағадата Тұрсынбай сынды жылдам ойыншыларды қосқанда біздің командада іс жүзінде 7-8 адам шабуылға қатысып отырды. Бұл орайда үш қорғаушымыз қорғаныс блогында әрекет етті. Сонымен қатар, жаттығу барысына өзгерістер енгізіп, олардың қарқынын барынша арттырдық. Ең бастысы, кейін ойын барысында пайдалану үшін, сондай-ақ, қарсыластарымызды алаңның қарсы бөлігінде қысымға алу үшін барлық назарды доппен жұмыс жылдамдығына аудару болды.

—        Командада өз күшіне деген толық сенім қашан пайда болды?

—        Жаттықтырушылар штабында сенімділік басынан бар болатын. Бізде ойын жағынан да, тұрмыстық жағынан да барынша тәртіпті команда жасақталды. Тұтас алғанда біз турнирді тұрақтылықпен өткіздік деп ойлаймын. In stat талдау тобының бірінші лига біріншілігі туралы жиынтық есебі осыны көрсетті. Көптеген негізгі көрсеткіштер бойынша «Тараз» ФК көш басында тұр. Біздің ойыншыларымыз осы статмәліметтер негізінде анықталатын ҚКФЛ символдық құрамасына жиі еніп тұрды. Бұл біздің ойыншыларымыздың жұмысы мен кәсібилігін аңғартады. Бізде анық голеодордың болмағанын да айта кеткім келеді: 17 немесе 18 ойыншымыз гол соқты – ал, бомбардирлердің арасында шабуылшылар ғана емес, жартылай қорғаушылар да, қорғаушылар да болды. Яғни, командалық ойын және командалық қимыл басым түсіп жатты.

—        Сіз командалар мен ойыншылардың статистикасын жиі зерделейсіз бе? Оның жұмысқа пайдасы бар ма?

—        Зерделеу – жұмысымыздың құрамдас бір бөлігі. Шындығында, статистика қандай да бір кездесуге дайындалуда көмектеседі. Бүгінде біз футболшылардың техникалық әрекеттері – іріктелуі, доп беруі, жеңіп шыққан жекпе-жектері және басқалары туралы бәрін біле аламыз.

Бұл орайда өз ойыншыларыңның көрсеткіштерін ғана емес, қарсыластарыңның да көрсеткіштерін ескеруің керек.  Біз соның бәрін талдаймыз.

—        Қай матчтар есіңізде қалды?

—        Қызықты кездесулер аз болған жоқ. Күрделі ойындар көп болды, себебі, қарсыластарымыз негізінен бізден жабық қорғаныста ойнады. Мәселен, «Қайрат-А-мен» қонақтағы ойынымыз біз үшін үлкен сабақ болды. Доп жіберіп алған ойыншыларымыз алға ұмтыламыз деп ашыла бастады. Егер үзілістен кейін біз дұрыс өзгерістер жасағанымызда ойынды сақтап қалуға мүмкіндігіміз бар еді деп ойлаймын. Қорытындылар жасадық, шабуылдағы және қорғаныстағы әрекеттеріміздің теңгерімі, қарсы шабуылды алдын ала болжау бойынша жұмыс жүргіздік. Екінші жағынан, «Қыранмен» үйдегі ойынымыз дәл осындай болды. Онда бірінші таймнан кейінгі есеп 0:0 еді. Бірақ, екінші таймда біз гол салғаннан кейін қонақтар шабуылға ұмтылды да біз оларды қарсы шабуылмен қарсы алып отырдық. Шымкенттіктермен бірінші ойынымыз да қызық болды. Өзіңіз білесіз, 18-ші турға дейін «Қыран» турнирлік кестедегі бірінші орынды ешкімге бермей келді. Сондықтан да, олармен ойын принципті сипатта әрі аса күрделі өтті. Дегенмен, өз алаңындағы алғашқы жеңілісті «Қыран» дәл бізден тапты. Біз ол жолы тікелей бәсекелесімізді тоқтатып, ұпай жөнінен айырмашылықты қысқарттық, ал, кейінірек оны басып оздық. Біз екі ұпай қалып келе жаттық, қарсыласымызды басып озсақ деген ынтамыз жоғары болды. Жігіттер барын салды, басымдық танытты, дегенмен, қарсыластарымыздың сирек шабуылдарының бірін жіберіп алдық. Бәрінен де осы кездесулер есте қалды.

        Жанкүйерлер трибунадан жиі кеңес бере ме? Сіздер оны естисіздер ме және оған қалай қарайсыздар?

—        Әрине, жанкүйерлер тарапынан кеңесті жиі естуге тура келеді. Ойыншы тиімді тұстан доп соға алмай қалса болды оны алмастыруды талап етеді. Жанкүйерді түсінуге болады – ол көбінесе эмоцияға беріледі. Бірақ, ескерілуі тиіс жайлар көп қой. Мысалы, шабуылшының доп кіргізе алмауы одан ешқандай пайда жоқ деген сөз емес. Ол бірнеше қорғаушыны өзіне тартып, әріптестеріне жол ашып беруі мүмкін. Бәрі де нәтижеге, ойын барысына және басқа да жайларға байланысты.

Дегенмен, жанкүйерлер негізінен сынап-мінеуден гөрі бізге шынайы қолдау білдірді. Осы үшін үлкен алғыс айтқым келеді.  Барлық топ клубтарда жанкүйерлермен жұмыс бірінші орынға қойылған, жанкүйерлер мен команда тұтастықта болуы керектігін біз де түсінеміз.

Клубтың жетістігі көптеген факторларға байланысты екенін атап айтқым келеді. Бұл орайда клуб жанкүйерлері атқаратын рөл аз емес. Мұнда команданы маусымға дайындаған экс-жаттықтырушы Ваид Талғаев пен жаттықтырушылар штабының, талантты жастарды берген балалар жаттықтырушыларының, трансферлік терезеде құрамды нығайту мүмкіндігін тапқан клуб басшылығының да еңбегі зор. Әрине, өздерін нағыз кәсібилер ретінде көрсете білген ойыншылардың еңбегі бір төбе. Көпшілігін атап айтуға болады. Евгений Шипицын, Илья Воротников, Берік Айтбаев, Бекзат Бейсенов, Мақсат Әмірханов, Предраг Говедарица – олардың тәжірибесі игі ықпал етті. Бұлар жастарға үлгі көрсетіп, оларды соңдарынан ілестіре білді. Дегенмен, нәтижені, әрине, бүкіл команда жасады.

        Әңгімеңізге рахмет!

«Тараз» футбол клубының баспасөз қызметі

Об авторе: Эк-Спорт


Добавить комментарий

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика