Жамбыл облысында «Қазақстанның үздік тауары — 2026» өңірлік көрме-байқауы мен «Бір ауыл — бір өнім» жобасы аясындағы көрме өтті. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты, — деп хабарлайды «Эк-спорт» АА.
Іс-шара өңірдің 120-дан астам тауар өндірушісін біріктірді. Көрмеде өнеркәсіп, құрылыс, тамақ өндірісі және халық тұтынатын тауарлар салаларындағы өнімдер ұсынылды. Көрме жергілікті кәсіпкерлердің жетістіктерін таныстыруға, тәжірибе алмасуға және отандық өнімдерді насихаттауға арналған маңызды алаңға айналды.
Қатысушылар алдында сөз сөйлеген өңір басшысы елімізде кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік деңгейде ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде шағын және орта бизнес экономиканың ғана емес, әлеуметтік тұрақтылықтың да маңызды тіректерінің бірі саналады.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне айрықша назар аударып келеді және шағын және орта бизнестің экономикалық өсудің ғана емес, қоғамдағы тұрақтылықтың да негізі екенін бірнеше рет атап өтті. Бүгінде елімізде бизнесті қолдаудың тиімді тетіктері қалыптасқан. Әсіресе отандық өндірісті дамытуға, өңделген өнім көлемін арттыруға және ауыл кәсіпкерлігін қолдауға басымдық беріліп отыр, — деді Ербол Қарашөкеев.
Облыс әкімі «Қазақстанның үздік тауары» байқауы отандық өнімдердің сапасын арттыруға және өндірісті дамытуға бағытталған кәсіпкерлерді қолдауға ықпал ететінін айтты. Ал «Бір ауыл — бір өнім» жобасы ауылдық жерлердегі шағын өндірістердің дамуына, жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Өңір басшысының айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бүгінде Жамбыл облысында 101 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл сала тұрақты өсім көрсетіп, өңір экономикасында маңызды орын алуда.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс кәсіпкерлері 3,1 триллион теңгенің өнімін өндірді. Қазіргі таңда шағын және орта бизнестің үлесіне жалпы өңірлік өнімнің шамамен үштен бірі тиесілі. Кәсіпкерлік саласында 170 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.
2026 жылдың басынан бері қаржы институттары арқылы 10 мыңнан астам кәсіпкерге жалпы сомасы 41,6 миллиард теңге болатын несие берілді. Бұл кәсіпкерлерге өндіріс көлемін ұлғайтуға, жабдықтарды жаңғыртуға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Ауыл кәсіпкерлерін қолдауға да ерекше назар аударылуда. Соңғы үш жылда «Бір ауыл — бір өнім» жобасы аясында өңірдің тоғыз кәсіпкері республикалық іріктеудің финалистері атанды. Олардың алтауы мемлекеттік гранттарға ие болды. Қаржылай қолдаудың жалпы көлемі 24,9 миллион теңгені құрады. Бөлінген қаражаттың арқасында жоба қатысушылары өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім түрлерін көбейтті.
«Қазақстанның үздік тауары — 2026» өңірлік байқауының қорытындысы бойынша бірнеше номинацияда үздік кәсіпорындар анықталды.
«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында «Касса 01» ЖШС, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС және «G Universal» ЖШС жеңімпаз атанды.
«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында «Rano Komfort Service» ЖШС, «MoozTau» ЖК және «OtarBioPharm» ЖШС үздік деп танылды.
Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында «Әулие-Ата Феникс» ЖШС, «Та-Мак» ЖШС және «AS-JAN KZ» ЖШС жеңіске жетті.
Сонымен қатар «Бір ауыл — бір өнім» жобасы аясында қатысушылардың жұмыстарына бағалау жүргізілуде. Байқау қорытындысы бойынша он финалист анықталып, олар көлемі 5 миллион теңгеге дейінгі гранттарға үміткер бола алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқауларды өткізу отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, өңірлік өндірушілерді қолдауға және жергілікті бизнестің ішкі нарықтағы позициясын нығайтуға ықпал етеді.
