Яндекс.Метрика
пятница, 20 июля 2018   Подписка на обновления  RSS
пятница, 20 июля 2018   Подписка на обновления  RSS
Популярно
17:47, 16 апреля 2018

Бүкіләлемдік бокс сериясы: «ASTANA ARLANS» – «CHINA DRAGONS»: 5:0


Өткен сенбіде спорттың талай саңлақтары түлеп шыққан Тараз төрінде Аспан асты елінен келген «China Dragons» командасы мен «Astana Arlans» кәсіпқой бокс клубы арасында Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) VIII маусымының соңғы тартысты жекпе-жегі өтті. Онда біздің оғландар 5:0 есебімен басым түсіп, жеңісті жатқа бермеді. Бұл, ең әуелі, спортшыларымыздың додаға жоғары дайындықпен келгендерінің арқасы, екіншіден «Тараз Арена» спорт сарайына лық толған жанкүйер-жанашырлардың қолдауы десек артық айтқандық емес. Біздің батырлар бокс алаңындағы жанкешті жұдырықтасуда әр жойқын соққының артында тұтас бір елдің намысы жатқандығын жақсы сезінді.

Қарсыластарының адымын аштырмай, тығырыққа тіреп, қыспаққа алып, шабуылдарын үдеткен қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің бойындағы асқақ рух пен патриоттық сезімсіз бұл жеңіс мүмкін болмас еді. Ал, жігіттерді отансүйгіштікке баулуда «Astana Arlans» клубының жетекшісі, Афина олимпиадасының чемпионы, жерлесіміз Бахтияр Артаев пен клубтың жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпековтың еңбегі орасан екені даусыз.

«Туған жерімде халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараны өткізу бақыты бұйырыпты. Мұндағы негізгі мақсатымыз  – Тараздағы жас та жалынды өскелең ұрпақтың спортқа деген ынтасын оятып, оларды салауатты өмір салтына баулу, сондай-ақ отандық спортты биік шыңдарға шығару. Жекпе-жекке келетін болсақ, біздің былғары қолғап шеберлінің дайындықтары жақсы, дегенмен де қарсылас Қытай командасының құрамы да осал емес», деп атап өтті Бахтияр Артаев кездесу алдында берген сұқбатында.

Расымен де, аренада жиналған спортсүйер қауымның басым бөлігі жас жігіттер болды. Көздерінен от байқалған, жүректері жалындаған әрқайсысы Қазақстан Республикасының көк туын желбіретіп, шаршы алаңда жұдырықтасып жатқан спортшыларымызға ешқандай бүкпесіз, шынайы сезіммен алаңдап отырды.

Аламан додаға «Astana Arlans» спорт клубынан 52 келі салмақта Сәкен Бибосынов, 60 келіде Әлімжан Бескемпір, 69 келі салмақта Асланбек Шымбергенов, сондай-ақ, 81 келіде Бек Нұрмағамбет пен 91 келіде Нұрсұлтан Аманжолов шықса, «China Dragons» командасынан Гуо Жанг, Фенг Ву Ю, Таксимаймайти Хайшаер, Зенг Гегарибу және Эвандерс Сервютс жұдырық түйістірді.

 

Шаршы алаңдағы жекпе-жектердің шымылдығын 52 келі салмақтағы Сәкен Бибосынов пен қарсыласы Гуо Жанг түрді. Соққыларын бірінен соң бірін жаңбырша жаудырған Сәкен рингте өзін сенімді ұстады. Біздің тарланның жойқын жұдырықтарының астында қалған қытайлық боксшы 3:0 есебімен үзілді-кесілді жеңіліске ұшырады.

Қос команданың келесі тартысы 60 келі салмақ дәрежесіндегі Әлімжан Бескемпір мен Фенг Ву Ю арасында өтті. Алдыңғы жекпе-жектегі жеңіс «Астана Арланстың» жігіттеріне қанат бітірген болуы керек, бұл жұдырықтасуда да қазақ спортшысы қытай «айдаһарын» айқын басымдықпен жеңіп, намысты қолдан бермеді.

Келесі жекпе-жекті тараздықтар айрықша күтті. Себебі, бұл жолы рингке Жамбыл жерінің тумасы Асланбек Шымбергенов көтерілді. Асланбек ағайын бауырлары, туған туыстары мен жолдастарының, жалпы Қазақ Елінің алдында жеңіске жетуі тиіс еді. Бокстағы керемет шеберліктің үлгісін көрсете білген Асланбек қарсыласы Таксимаймайти Хайшаерге шаршы алаңда кімнің қожа екенін алғашқы раундта-ақ байқатып, «Астана Арланстың» қоржынына кезекті жеңісті салды.

Салмақ дәрежесі артқан сайын ойын да қыза түсті. «China Dragons» командасының Зенг Гегарибу есімді спортшысымен шаршы алаңға шыққан Бек Нұрмағамбет жекпе-жектің екінші раундының алғашқы минутында-ақ қарсыласына қақырата соққы беріп, «нокаудқа» түсірді. «Астана Арланс» батырының қаһарынан сескенген қытайлық спортшының бапкері бұл жолы да бақтары жанбағанын мойындады.

Екі ел боксшылары арасындағы байрақты бәсекені 91 келі салмақтағы қазақстандық Нұрсұлтан Аманжолов пен қытай елінің намысын қорғаған Эвандерс Сервютс жалғастырды. Жамбылдың тумасы Нұрсұлтан да рингте жасындай жарқырады. Эвандерстің біздің былғары қолғап шеберінің ауыр соққыларынан қорғанудан басқа амалы қалмады. Бұл жолы төрешілер бағалау кезінде Санк-Петербург қаласында наурызда өткен ресейлік боксшылармен кездесудегідей бұра тартқан жоқ, ұтысты жерлесіміздің еншісіне жазды. Сөйтіп, Нұрсұлтан Аманжолов өзінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Осылайша жекпе-жек 5:0 есебімен «Астана Арланстың» пайдасына шешілді.

Айта кетпеске болмас, өткен айда Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) аясында еліміздің “Astana Arlans” бокс клубы мен Ресейдің “Patriot Boxing Team” командалары Санкт-Петербургте кездесіп, шаршы алаң иелері жеңіске жеткен болатын. Аса ауыр салмақта өткен Нұрсұлтан Аманжолов пен Шигабудтин Алиев арасындағы жекпе-жектің нәтижесі күмәнді болды. Жекпе-жекті тамашалаған жанкүйерлер қазақстандық боксшының жеңіске жеткеніне сенімді еді. Тіпті, шаршы алаңдағы шайқастан репортаж жүргізген ресейлік комментаторлардың өзі отандастары жеңіске жеткенде таңданыстарын жасыра алмаған.

Отандық боксшыларымыздың өнерінен кейін «алаулап» тұрған «Тараз Арена» спорт кешенінің «атмосферасын» «AFC» клубы ұйымдастырған ММА турнирі одан әрі қыздыра түсті. Бұл кеште жанкүйерлер қазақстандық жекпе жек шебері Ермек Тлауов пен украиндық Дмитрий Власюктың арасында өтетін бас жекпе-жекті бокс кездесуінен кем күтпеген еді. Көрерменнің күтетіндейі бар екен. «Кобра» деген лақап атымен көпке танымал Ермек Тлауов алғашқы раундтың екінші минутында-ақ тұншықтыру әдісімен қарсыласын уақыттан бұрын тізе бүктірді. Осыған дейін өткізген 18 жекпе-жегінің 14-інде қарсыластарынан басым түскен Ермек бұл жолы да дес бермеді. Сөйтіп, Дмитрий Власюк отанына спорттық мансабындағы алғашқы жеңілісін арқалап қайтты.

Сондай-ақ, бұл кеште Асхат Әкімов, Николай Гончаров, Ерхат Сапарғалиев, Азамат Бахытов, Олжас Есқараев, Нұржан Акишев, Ринат Сағынтаев пен Арман Әлімов ережесіз жекпе-жектен өзара мықтыны анықтады.

 

Ақбота Батырбекова, көрермен.

Об авторе: Нуралы Абдуалиев


Leave a Reply

Свидетельство о постановке на учет № 16334 – ИА выдано Министерством информации и коммуникаций РК 3 февраля 2017 года
Главный редактор - Ефимова Е. В.

© 2018 Эк-Спорт