Тараз қаласында болашақ Инклюзивті спорт орталығының іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында салынып жатқан жаңа нысан өңірдегі ең ірі мамандандырылған спорт кешендерінің біріне айналып, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ, деп хабарлайды «Эк-спорт» АА.

Салтанатты рәсімге Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты. Ол инклюзивті спортты дамыту және қолжетімді орта қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Өңір басшысының айтуынша, облыста параспортшыларды даярлауға жағдай жасау, спорт резервін нығайту, инфрақұрылымды дамыту және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың спортпен айналысу мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында халықтың өмір сүру сапасын арттыруды, бұқаралық спортты дамытуды және ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыруды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Инклюзивті спорт орталығы құрылысының басталуы – осы стратегиялық міндеттердің іс жүзінде жүзеге асырылып жатқанының айқын көрінісі, – деді Ербол Қарашөкеев.
Ол спорт инфрақұрылымын дамыту өңірдің тұрақты дамуының маңызды шарттарының бірі екенін атап өтті.
– Салауатты ұлт – мықты мемлекеттің негізі. Инклюзивті спорт әрбір азаматқа өз әлеуетін ашуға, қабілеттерін дамытуға және қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік береді. Бүгін іргетасын қалап отырған орталық мыңдаған тұрғын спортпен айналысатын, жас спортшылар алғашқы жеңістеріне жететін, ал параспортшылар жаңа биіктерді бағындыратын маңызды спорт нысанына айналатынына сенімдімін, – деді облыс әкімі.
Болашақ орталық көрермендерге арналған трибунасы бар әмбебап спорт залымен, жаттығу залымен, емдік дене шынықтыру залымен, медициналық және психологиялық кабинеттермен, әкімшілік бөлмелермен, жаттықтырушылар кабинеттерімен, конференц-залмен және демалыс аймағымен жабдықталады.
Нысан орналасатын аумақтың жалпы көлемі 1,6 гектарды, ал ғимараттың жалпы ауданы 3600 шаршы метрді құрайды. Орталық бір мезетте 300-ге дейін келушіні қабылдай алады. Құрылысты 2027 жылдың ақпан айында аяқтау жоспарланып отыр.
Бүгінде Жамбыл облысында ерекше қажеттіліктері бар 4383 адам дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысады. Олардың 1481-і – кәмелетке толмағандар. Олардың көпшілігі үшін жаңа орталық тек спортпен айналысатын орын ғана емес, сонымен қатар әлеуметтену, оңалту және жаңа жетістіктерге ұмтылу орталығына айналады.
Жамбылдық параспортшылар бүгінде Қазақстанды халықаралық аренада лайықты танытып жүр. Олардың қатарында Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем және Азия чемпиондары Зүлфия Ғабидуллина, Нұрдәулет Жұмағали, Ғабит Есжанов, Айдос Түгелбаев, Берік Нұрымов, Нұржан Асан, Диас Рысбек және басқа да спортшылар бар.
Жобаның әлеуметтік маңыздылығын BI Construction & Engineering компаниясының Оңтүстік дивизионының директоры Ильяс Рүстем және Қазақстан Ұлттық паралимпиадалық комитетінің вице-президенті Зүлфия Ғабидуллина атап өтті. Олардың айтуынша, жаңа орталық ерекше қажеттіліктері бар адамдардың спортпен жүйелі түрде айналысуына кең мүмкіндік береді.
– Инклюзивті спорт орталығы құрылысының басталуы – көптен күткен оқиға. Мұнда заманауи жағдайда жаттығуға, жан-жақты дамуға, өз күшіне деген сенімді нығайтуға, алдына биік мақсаттар қойып, жеңістерге жетуге мүмкіндік болады, – деді Зүлфия Ғабидуллина.
Ол сондай-ақ Мемлекет басшысына инклюзивті спортты дамытуға көрсетіп отырған қолдауы және Қазақстанның барлық өңірінде мамандандырылған спорт орталықтарын салу бастамасын жүзеге асырып жатқаны үшін алғыс білдірді.
Жаңа орталық жай ғана спорт нысаны болып қалмайды. Ол облыстың мыңдаған тұрғыны үшін спортпен айналысуға жаңа мүмкіндік ашып, болашақ паралимпиадашылар үшін үлкен жеңістерге бастайтын жолдың алғашқы баспалдағына айналмақ.
