Орталық Азиядағы ең ірі жел электр станцияларының бірі Жамбыл облысында пайда болады. Инвестор – жаңартылатын энергия саласында көшбасшы БАӘ компаниясы. Бұл туралы ec-sport.kz порталы хабарлайды.
29 маусымда Жамбыл облысының Сарысу ауданында қуаты 1 ГВт болатын болашақ жел электр станциясының іргетасын қалау рәсімі өтті. Құны 742 млрд теңгені құрайтын жоба БАӘ-нің Masdar компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылады.
Астанада телемост форматында өткен іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты. Іс-шарада «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, Masdar компаниясының Басқарма төрағасы Мұхаммед Әл-Рамахи сөз сөйледі. Ал жоба жүзеге асырылатын жерден рәсімге «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов қосылды.
Жоба аясында қуаты 1 ГВт жел электр станциясы және сыйымдылығы 600 МВт/сағ болатын энергия жинақтау жүйесі салынады. Жел электр станциясын пайдалануға беру 2029 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған.
Инвестициялық жобаны сүйемелдеу «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылуда.
Нұрлан Жақыпов мұндай ауқымды жобаны іске асыру Қазақстанның энергетика саласын одан әрі дамыту үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
— Қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысы Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы жаңартылатын энергетика саласындағы ең ірі жобалардың бірі. Оның дәл Жамбыл облысында жүзеге асырылуы өңірдің жоғары инвестициялық әлеуетін және халықаралық серіктестердің сенімін көрсетеді, — деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.
Өңір басшысы жаңартылатын энергия көздерін дамыту Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық бағытқа сәйкес келетінін атап өтті. Мұндай жобалар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, заманауи технологияларды енгізуге және болашақтың тұрақты экономикасын қалыптастыруға бағытталған.

Ербол Қарашөкеев Біріккен Араб Әмірліктерінің басшылығына және Masdar компаниясына Жамбыл өңіріне білдірген сенімі және Қазақстанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға дайын екені үшін алғыс білдірді.
Қазіргі таңда Жамбыл облысында жалпы қуаты 571,3 МВт болатын 22 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 6 гидроэлектр станциясы, 10 жел электр станциясы және 6 күн электр станциясы бар. 2024 жылы Сарысу ауданында қуаты 100 МВт Шоқпар жел электр станциясы пайдалануға берілді. Сонымен қатар Жамбыл ауданында орналасқан «AEC ASA» күн электр станциясының қуатын 20 МВт-қа арттыру жұмыстары жүргізілді.
Сарысу ауданында жүзеге асырылып жатқан жобадан бөлек, 2029 жылға дейін Мойынқұм ауданында қуаты 1 ГВт болатын тағы бір жел электр станциясын салу жоспарланған. Франциялық «Total Eren» компаниясы жобаға 1 трлн теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Компанияға 52 мың гектар жер учаскесі бөлінді. Нысанды 2028 жылы пайдалануға беру күтілуде.
Осы жобалар жүзеге асқаннан кейін өңірдегі жаңартылатын энергетика нысандарының саны 24-ке дейін артып, олардың жалпы қуаты 2,5 ГВт-қа жетеді. Бұл еліміздің оңтүстік өңірлерінің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, энергия теңгеріміндегі «жасыл» электр энергиясының үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қазақстандағы алғашқы өнеркәсіптік жел электр станциясы дәл Жамбыл облысында, Қордай ауданындағы Мүзбел тау асуында іске қосылған болатын. Жамбыл өңірінің жел энергетикасы ресурстары мол. Қордай, Талас және Сарысу аудандарында тұрақты желдердің орташа жылдық жылдамдығы секундына жеті және одан да көп метрге жетеді.
Қазақстанда 2009 жылы «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң қабылданғаннан бері өңірде гидро-, жел және күн электр станцияларын салу бойынша оннан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылды және іске асыру жоспарлануда.
Жаңартылатын энергия көздері бойынша жобалардың табысты жүзеге асырылуы Жамбыл облысының Қазақстанның басқа өңірлері арасында көшбасшы орынға шығуына мүмкіндік берді. Өңірде жаңартылатын энергия көздері индустриясын дамытуға қолайлы жағдай қалыптасқан және ол шетелдік инвесторлар үшін тартымды аймақ болып отыр.
