четверг, 25 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
11:45, 26 March 2021

Ауылдықтардың табысын арттыруға бағытталған пилоттық жоба – мемлекет кәсіпкерлік беленділікті қалай субсидиялауда


Жамбыл облысында екі жыл бұрын басталған ауылдықтардың табысын және ауылшаруашылығы өндірісін арттыруға бағытталған пилоттық жоба оңды нәтижелер көрсетуде, деп хабарлайды ec-sport.kz порталы.

Алпыс пайызы ауыл тұрғындары болып табылатын аймақта жеке аула шаруашылықтарын дамытуды қолдау жөніндегі іс-шаралар кешені жасалған. Ол өз кезегінде өндірілетін ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруы тиіс. Кредиттеуді «Тараз» ӘКК АҚ-ы тікелей жүзеге асыруда. Ал құрылып жатқан кооперативтер ауылдықтардың тұқым, минералдық тыңайтқыштар, химиялық қорғаныс құралдарын сатып алуын қаржыландырады. Қазақстандық өндіруші «АгромашХолдинг KZ» АҚ-ымен бірлесіп ескі ауылшаруашылығы техникаларын аграрилерге тиімді шарттармен жаңарту және қалпына келтіруге бағытталған «Тrade-in» жобасы іске қосылған.

Осылайша мемлекет аталған жоба аясында ауыл еңбеккерлерінің сүт, ет және басқа да өнімдерін өндіру, бау-бақша дақылдарын өсіру, шағын бизнес кәсіпорындарын ашу жөніндегі кәсіпкерлік белсенділіктерін субсидиялауда. Ауылдықтарға түрлі цехтар мен қызмет көрсету нысандарын ашуға гранттар бөлінуде. Аулдағы бизнестің басты мәселесі -кредит алуға кепілдің болмауы болғандықтан мемлекет эксперимент ретінде қаржыландыруды өз мойнына алды. Пилоттық жобаның бірнеше бағыты бар. Ол – үй ауласындағы жер телімдерін егін, мал, құс шаруашылығы өнімдерін өндіру мақсатында тиімді пайдалану. Сонымен қатар елдімекеннің сыртындағы әр тұрғынға тиесілі жер ресурстарын пайдалану. Бірінші кезеңде пилоттық жобаны Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде жүзеге асыру әрі ауылдықтардың табысын 2,5 есеге ұлғайту жоспарланған болатын.

«Эк-Спорт» порталының тілшілері барып қайтқан Байзақ ауданының керемет жолы болды деуге болады. Бұл – пилоттық жоба бірден екі ауылдық округте – Қостөбе және Түймекент округтерінде жүзеге асырылып жатқан Жамбыл облысындағы бірден бір аудан. Ауданның облыс орталығына жақын орналасуы да тиімді болып отыр, ол байзақтық еңбеккерлерге көлік шығындарын азайтуға, қала тұрғындарын балғын ауылшаруашылығы өнімдерімен тікелей қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

Қостөбеліктер пилоттық жобаға бірден белсенді кірісіп кетті. Округтің 255 тұрғыны 7 мың бас мал сатып алуға тапсырыс берді. Ол мал үшін ауыл сыртындағы 400 гектардан астам алқапта арпа, бидай, азықтық жүгері мен жоңышқа өсірілетін болады. Байзақтықтар етті өңдеу мәселесін де назардан тыс қалдырмапты – пилоттық жоба аясында шұжық және мал сою модульдық цехтарын салу жоспарланған. Ауылдықтардың табысын арттыруға бағытталған пилоттық жоба аясында құрылған Талас ауылындағы «Қостөбе-2019» кооперативі өзінің 65 сиырын жем-шөппен қамтамасыз ету үшін аптасына үш тонна балғын шөп беретін гидропонды қондырғы сатып алды. Екі контейнерде кооператив мүшелеріне таратылып берілетін мал азығы өсірілетін гидропонды қондырғы орнатылған. Гидропоника кооператорларға 5,7 миллион теңгеге түсіпті. Кооператив сондай-ақ  47,1 миллион теңгеге 12 техники сатып алған. «Қостөбе-2019» директоры Бәкір Муминовтың айтуынша, шаруашылық ауылшаруашылығы өнімінің көлемін одан әрі ұлғайта бермек.

Пилоттық жобаға Түймекент ауылдық округінің тұрғындары да үлкен үміт артып отыр. Мұнда 112 аула пилоттық жоба аясында 1800 бас мал сатып алуға бел буған. Жергілікті тұрғын Бекен Әбдіқадыров 4 миллион теңге кредитке 15 бұқа мен мал азығын сатып алған. Ал Бейбіт Бақытбергенов 3 миллион теңгеге 10 бұқа сатып алыпты. Бақтияр Далымбаев алты бұқа мен төрт сиыр сатып алуға 3,5 миллион теңге жұмсаған.

Жергілікті «Түймекент-2019» ауылшаруашылығы кооперативіне 155 адам мүше болып кірген. Олардың 39-ы кредит алып үлгеріпті. Пилоттық жобаның екінші бағыты (мал шаруашылығын дамыту) бойынша 256 үй тапсырыс берген. Түймекенттіктер сиыр, қой, жылқы сатып алуда, олардың саны жүзден де асып отыр. Жоба бойынша мұнда жылыжайлар, омарта мен наубайхана салу жоспарланған.

– Бұл жобаның артықшылығы көп. Экономикалық пайдасымен қатар ол сатып алушылардың алаяқтарға ұрынып қалуына жол бермейді. Мәселен көптеген сатушы пайданы көптеп табу үшін сүтке су қосуы мүмкін. Ал пилоттық жоба аясында ондай болуы мүмкін емес. Коопреатив өз өнімінің сапасына жауап береді, – дейді Түймекент ауылдық округінің әкімі Қанат Смағұлов.

Түймекент ауылдық округі жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуде. Тоғыз мыңнан сәл астам халқы бар округ құрамына Ақжар ауылы да кіреді. Мұндағы 6,8 мың гектар егін алқабының 3,5 мыңы – суармалы. Құнарлы алқаптарда диқандар бидай, арпа, жүгері, картоп, қант қызылшасы, көкөністер өсіруде. Пилоттық жоба аясында жергілікті 258 шаруа 600 миллион теңгеден астам сомаға мал сатып алған. Құрылған кооператив өз үлескерлеріне жоңышқа мен арпаны арзандатылған бағамен босатады.

Жобаның тиімділігін көрсететін тағы бір нақты көрсеткіш – ауылдарда адресті әлеуметтік көмек алушылардың, өзін өзі тиімсіз қамтығандар мен жұмыссыздардың саны қысқарып келеді. Есесіне жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азаматтардың саны көбеюде. Яғни пилоттық жоба адамдардың өз бетінше табыс тауып, өздерінің табыстарын көтерулеріне мүмкіндік беріп отыр.

– Сіздердің ауылдық округ – өңіріміздегі ірі округтердің бірі, облыстың жеткен жетістіктерінде сіздердің де үлестеріңіз бар, – деп атап көрсетті Түймекентте жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. – Бұл орайда өзінің пәрменділігін іс жүзінде көрсеткен пилоттық жобаны жүзеге асырудың көмегі көп болды. Мен осы пилоттық жобаға қатысып жатқан ауылдарда жиі болып, тұрғындарымен әңгімелесемін. Бұл ауылдарда адресті әлеуметтік көмек алушылардың саны 32 пайызға қысқарып, қатысушыларының табысы 2,5 есеге – 42 мыңнан 104 мың теңгеге дейін артып отыр. Өзін өзі тиімсіз қамтығандар саны 35 пайызға азайған. Ауылдықтардың 95 пайызы дерлік өздерінің үй ауласындағы жерлерін пайдалануда. Мал саны 45 мыңға көбейіп, лизингке 190 ауылшаруашылығы техникасы сатып алынған.

2021 жылы жобамен 20 ауылдық округті қамту жоспарланып отыр. Нәтижесінде ауылшаруашылығы тауарларының өндіріс көлемі 2,2 есеге артады деп күтілуде. Әр отбасы өзін өзі азық-түлікпен қамтамасыз етуге, бақша отырғызып, өз ісін ашуға, мемлекеттік бағдарламаларға белсенді атсалысуға ұмтылуы керек. Мемлекетке қол жайып отырмай, өздері де бастамашылдық танытқандары жөн.

Об авторе: Эк-Спорт


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика