пятница, 19 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
14:59, 23 April 2019

БЕС ӘЛЕУМЕТТІК БАСТАМА: үміт ең соңынан үзіледі


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр көктемде жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуінде бұл әлеуметтік бастамаларды іске асыру жаңа жұмыс орындарын құруға, сол арқылы ел экономикасының әрі қарай дами түсуіне жол ашатынын атап көрсеткен болатын. Одан бері  бір жыл уақыт өтті. Үлкен үміт артылып отырған бастамалар облысымыздың орталығында қалай жүзеге асырылуда?

Қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов бес бастаманың шаһардағы бірқатар әлеуметтік өзекті мәселелердің шешілуіне игі септігін тигізіп отырғанына сенімді. Солай ма?

Баспана: сұраныс үлкен, бірақ…

Бүгінгі таңда шаһар аумағында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың жалпы саны – 16573, ал жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдерінің  кезегінде 70 057 азамат тұр. Сұраныс өте үлкен. Бірақ осы сұранысты қанағаттандыру жайы көңілдегідей болмауда.

Мәліметтерге сенсек, 2018 жылы қалада пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 243,7 мың шаршы метрді, нақты көлем индексі 127 пайызды құраған. Аймақта жергілікті бюджет есебінен 1753 пәтер пайдалануға берілсе, оның 1040-ы – Таразда. Қаланың бас жоспарына сәйкес Сүлейменов көшесінің соңында 362 гектар жерде жаңа 15-ші мөлтекаудан бой көтеруде. Онда 280 көппәтерлі және 969 жеке тұрғын үй салынып, 30 мыңнан астам халық тұрады деп күтілуде. Қазір мұнда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 10 несиелік тұрғын үй немесе 800 пәтер қолданысқа беріліп те қойған. Олардың ішінде 480 отбасы аталған бағдарлама аясында «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ-ы арқылы жасалған келісімшарт бойынша баспаналы болған.

Сонымен қатар үш арендалық әлеуметтік тұрғын үй, атап айтқанда «Арай» тұрғын алқабында 80 пәтерлі бір үй және «Бәйтерек» мөлтек ауданында 100 және 60 пәтерлі екі үй пайдалануға берліген. Биыл 15-ші мөлтек ауданда 80 пәтерлі бес арендалық тұрғын үйдің, кредиттік негізде берілетін 80 пәтерлі 9 үй мен 60 пәтерлі 11 үйдің құрылыстары басталмақ. Құрылысы 2019-2020 жылдарға жоспарланған бұл үйлер пайдалануға берілгенде 1380 тараздық пәтерлі болмақ.

Келесі кезең – 2020-2021 жылдары 25 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарлануда екен. Қазір олардың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары аяқталыпты.

Бір қарағанда бәрі жақсы сияқты. Алайда қалада тұрғын үй кезегінде 16573 азаматтың тұрғанын, өткен жылы бюджет есебінен бар болғаны 1040 пәтердің берілгенін ескерсек, осы қарқынмен сұранысты толық өтеу үшін 15 жылдай уақыт керек екен. Ал шаһар тұрғындарының жыл сайын дүниеге келіп жатқан сәбилер мен сырттан көшіп келіп жатқандар есебінен толығып жатқанын ескерсек, жағдайдың тіптен мүшкіл екенін аңғаруға болады.

Бұл орайда жағдайды оңалтады деген «7-20-25»  бағдарламасы да үмітті ақтай алмауда. Осы уақытқа дейін аталмыш бағдарлама арқылы «Арай» мөлтек ауданындағы 14 пәтер ғана сатылыпты. Тағы 33 азаматтың өтініштері екінші деңгейдегі банкттерде қаралуда.

Қала билігі елдің ынтасын ояту, «7-20-25» бағдарламасының мән-маңызын, артықшылықтарын түсіндіру мақсатында арнайы орталықтандырылған кеңсе ашып, бағдарламаға қатысушы барлық екінші деңгейдегі банктердің өкілдерін бір жерге шоғырландырып та қойды. Тұрғындар ол жерде құжаттарды рәсімдеу, пәтердің шаршы метрі мен бөлмесі, бағасы туралы толық ақпарат ала алады. Бірақ «7-20-25» бағдарламасымен пәтерлі болып жатқан тараздықтар саны көбейер емес…

Еңбек ақы: ең төменгі жалақы мөлшерінен кем емес

Тұңғыш Президентіміздің ағымдағы жылдың 1-ші қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 1,5 есеге көтеру жөніндегі тапсырмасы іске асырыла бастады, дейді қала билігі.

Тараз қаласы бойынша мемлекеттік емес сектордағы 1358 кәсіпорында 42500 теңгеден төмен жалақы алатын 11927 жұмыскер тіркелген екен. Олардың 7605-і жұмыс істейтін 510 кәсіпорын өткен жылдың желтоқсан айында жұмысшыларының жалақысын көтеретіні туралы ресми түрде мәлімдепті.

Жыл басында қала бойынша 7844 кәсіпорында жалақының төмендігі анықталған. Барлық кәсіпорындар мен мекемелердегі жұмысшылардың еңбек ақысының ең төменгі жалақы мөлшерінен кем болмауына баса назар аударудың нәтижесінде бүгінде 33114 жұмысшының жалақысы көтеріліпті.

Жатақхана: әзірше қағаз жүзінде ғана

Елбасының бес әлеуметтік бастамасының бірі – жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту. Үндеуде «Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек» деп атап айтылған.

Бұл орайда Ақмола, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында студенттер жатақханалары салынып, пайдалануға беріліп қойса, бірқатар аймақтарда іргетастары қаланып, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Өкінішке қарай олардың қатарында Тараз жоқ. Яғни, біздің облыстың орталығында бірде бір студент жатақханасы салынбаған.

Бар болғаны Жамбыл даңғылы бойындағы ғимарат 143 орындық жатақханаға ыңғайластырылып қайта жабдықталуда. Қаладағы екі колледж білімгерлері үшін 650 орындық екі жатақхана салу қажет болса, Абай атындағы гуманитарлық колледжге 15-ші мөлтекауданнан 300 орындық жатақхана құрылысы үшін 1,2 га жер телімі бөлініп беріліпті. Медициналық колледж білімгерлеріне арналған болашақ жатақхана үшін 1,0 га жер телімі бар. Бүгінгі таңда сәулеттік-жоспарлау құжаттары дайындалу үстінде.

Бір айта кетерлігі, облысымызда арендалық тұрғын үй кезегінде тұрған 23 762 адамның ішіндегі халықтың әлеуметтiк осал тобына жататын 13 436 азаматты да жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі көтерілген. Бүгінде әкімдіктің бастамасымен осы отбасыларды тұрғын үй кезегі жеткенге дейін жатақханамен қамту жұмыстары қолға алынуда. Ағымдағы жылы Тараз қаласында осындай – үш, Шу, Жаңатас және Қаратау қалаларында бір-бір жатақханадан салу көзделуде. Бұл алты жатақханаға 400-ге жуық аз қамтылған және көп балалы отбасын қоныстандыру жоспарланып отыр.

Облыс орталығындағы №5 «Қарасу» мөлтек ауданында салынатын көпбалалы отбасыларға арналған төрт көпқабатты әлеуметтік жатақхана құрылысының жобасы облыс әкіміне таныстырылып та қойған. Жоба құны – 812 миллион теңге. Ғимаратта барлығы 180 пәтер болады деп жоспарлануда. Құрылыстың жалпы аумағы 8 100 шаршы метрді құраса, пәтердің бір шаршы метрінің құны 100,2 мың теңгеге айналады.  Ғимарат салынатын аумақта инфрақұрылым мәселесі шешілген. Ал, жатақхананың ішкі құрылысы 35-40 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерлерден тұрады. Әр пәтерде зал және жатын бөлмелер, сондай-ақ, өз ас бөлмесі, әжетханасы мен жуынатын (санузел) торабы қарастырылған. Тиісті құрылымдардың мәліметінше, жобаның барлық құжаттары алдағы үш айда дайын болмақ. Сөйтіп құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айында басталып, 1-желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс.

Шағын несие: несие де шағын, нәтиже де шағын

Өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамытуда жеңілдетілген шағын несие берудің тиімді тетік екені даусыз. Өкінішке қарай облыс орталығында бұл тетік те тиімді пайдаланылмай отыр.

Жыл басынан бері белсенді жұмыспен қамту шараларымен 7205 тараздық қамтылыпты. Оның ішінде мемлекеттің қолдауынсыз бос орындарға 4135,  әлеуметтік жұмыс орындарына 50, жастар тәжірибесі бойынша 430, қоғамдық жұмыс орындарына 917, кешенді жоспар жобалары бойынша 229, шағын несие беру бойынша 42, кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етуге байланысты 1402 адам тартылған. Осы жұмыспен қамтылғандардың ішінде 1420 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасқан.

Соның ішінде «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 232,0 млн. теңге қаржы қарастырылып, 1741 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, есепті кезеңде 1965 адам қамтылыпты. Бағдарламаның шағын несиелендіру тетігі бойынша бүгінгі күнге екінші деңгейлі банктерге 112 азамат жолданып, 42 жобаға  464,3 млн. теңге қаражат берілген. Сонымен қатар банктер 68,2 млн. теңгенің 6 жобасын мақұлдаса, 216,1 млн. теңгенің 16 жобасы қарастырылуда екен. Әрине, Тараз сияқты облыс орталығына 42 жобаның аздық ететіні айтпаса да түсінікті.

Көгілдір отын: газ жүйесі жаппай жаңғыртылуда

Тараз шаһарының маңындағы «Құмшағал», «Шөлдала» тұрғын алабтары мен 28 саяжайдың ресми түрде қалаға қосылып, облыс орталығының 11-ші әкімшілік аумағына айналғанына бес жыл болды. Бірақ 20 мыңға жуық адам тұрып жатқан осы ауқымды аймақта көгілдір отын, ауыз су, жарық, жол және кәріз жүйелері мәселелері әлі де оң шешімін таппай отыр.

Осыған орай облыс әкімі қала құрылысы кеңесінде қаладағы саяжайлар мен тұрғын алқаптарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесін тездетіп шешу туралы тапсырма берген болатын. Тапсырманы орындау мақсатында 2019 жылы «Шалғай Қарасу» тұрғын алабын, 28 саяжай мен «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Казарма», «Жиделі» алқаптарын және «Құмшағал» станциясын газбен, электрмен және ауыз сумен қамтамасыз етудің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп қойыпты. Қалалық әкімдіктегілердің айтуынша бұл жұмыстар 2020-2021 жылдары жүзеге асырылып, аталған аймақ инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылатын болады.

Сонымен қатар Тараз қаласының газ шаруашылығы бірнеше жылдан бері жаңғыртылуда. Яғни, Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ-ының Тараз қаласының газ тарату желілерін жаңғыртудың 2012-2020 жылдарға арналған ауқымды жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында қалада 940 шақырым полиэтиленді газ құбырын төсеу жоспарланып, оған 22 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Газ беру жүйесі үш сатылыдан екі сатылы жүйеге көшіріледі, үйлерде қашықтан басқарылатын жаңа газ тарату шкафтары пайда болады. Жаңа жүйе газ шаруашылығының жұмысын анағұрлым жетілдіреді, дейді мамандар.

 

Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуін «Мемлекеттің жаңа қадамдары бүкіл қазақстандықтарға, еліміздің барша азаматтарына игі әсер етеді» деген сеніммен түйіндеген еді. Көңілге қуаныш ұялататын жаңалықтары көп, әлеуметтік жаңғыру жолындағы жаңа, ауқымды қадам болып табылатын бағдарламаға ел де үлкен үміт артқан. Өкінішке орай Тараз қаласының мысалында ел үміті толық қөлемде ақталды дей алмаймыз. Дегенмен орыс халқында «Үміт ең соңынан үзіледі» деген мақал бар. «Үмітсіз – шайтан» дейді қазақ. Үмітімізді үзбейік. Әлі де уақыт бар…

 

Текст: СЭР журналы

 

Об авторе: Эк-Спорт


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика