пятница, 29 марта 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
23:58, 13 March 2019

Ғани ҚАРҚЫМБАЕВ: МАҚСАТ – СПОРТТЫҢ БҰҚАРАЛЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ


Елбасы Н.Назарбаев 2010 жылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында қазақстандықтардың денсаулығын нығайту 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық басым бағыттарының бірі екенін атап көрсете келіп, туризм және спорт министрлігіне әкімдермен бірге елде бұқаралық спортты дамыту үшін бірлескен іс-шараларды анықтап, оларды нақты іске айналдыруды, қазақстандықтардың 30 пайызға дейінін бұқаралық спортқа тартуды тапсырған болатын, деп хабарлайды ec-sport.kz.

Міне, осынау ауқымды міндетті өңірімізде жүзеге асыру мақсатында  Жамбыл облысы әкімдігінің 2014 жылғы 28 тамыздағы № 236 қаулысымен «Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық-спорттық шаралар өткізу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылған болатын.

Аталмыш мекеменің мақсат-міндеттері не? Өзі құрылғалы бері қандай іс-шараларды жүзеге асырды? Бұқаралық-спорттық шаралар өткізу орталығы мекемесінің басшысы ҚАРҚЫМБАЕВ Ғани Төлегенұлымен әңгімеміз осы мәселелер төңірегінде өрбіді.

– Мекеменің негізгі мақсаттары мен міндеттері – бұқаралық спорттық шараларды, спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы чемпионаттары мен біріншіліктерін, Халықаралық және республикалық турнирлерді, облыс чемпионаттарын, турнирлерін, спартакиадалар, фестивальдар, акциялар және басқа да бұқаралық спортты дамыту, халықты дене шынықтыру мен спортпен шұғылдануға тартуға бағытталған кешенді спорттық шараларды ұйымдастыру және өткізу, – деп бастады әңгімесін Ғани Төлегенұлы. – Біз бұқаралық-спорттық іс-шараларды облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп атқарып келеміз.

Атап айтқанда 2018 жылы салауатты өмір салтын насихаттау және халықты дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға тарту мақсатында 193 спорттық іс-шара ұйымдастырып, өткіздік. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының жеті чемпионаты, Халықаралық бес жарыс, республикалық деңгейдегі 18 жарыс, 118 рет Жамбыл облысының біріншіліктері мен чемпионаттары, 45 рет Жамбыл облысының турнирлері және басқа да бұқаралық-спорттық іс-шаралар жүзеге асырылды. Жалпы спорттың 43 түрі бойынша өткізілген бұл ауқымды шараларға 25,9 мың адам тартылды.

Сонымен қатар, біздің орталық өткен жылы «Үкіметтік емес ұйымдарды» қолдау және облыс тұрғындары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спорттық шараларды ұйымдастырып, өткізу мақсатындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар аясында 6 лот бойынша жұмыс жүргізді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар бойынша нақты игерілген қаржы 4 085 673  теңгені құрады.

– 2015 жылы Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасына қарасты салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының спорттық медицина бөлімі Сіз басқаратын бұқаралық-спорттық шаралар өткізу орталығына берілгені белгілі. Ондағы мақсат не еді?

– Спорттық медицина бөлімі дене шынықтыру мен спортпен айналысатындарға дәрігерлік бақылауды жүзеге асырады және диспансерлік тексеруден өткізеді, спортшыларға жарыстарға қатысуға рұқсат береді, жарақат алған жағдайда қайта қалпына келтіру емдерін жүргізеді. Сонымен қатар спорттық іс-шаралар мен жарыстар кезінде медициналық қызмет көрсетеді, дене шынықтыру мен спортпен айналысатындар арасында санитарлық-ағарту  жұмыстарын жүзеге асырады. Қарап отырсаңыз, мұның бәрі біздің орталықтың атқаратын іс-шараларымен тығыз астасып жатыр. Сондықтан да аталмыш бөлімді біздің орталыққа беру тіралы шешім қабылданған болатын. Оның дұрыс болғанын уақыт көрсетіп отыр.

Спорттық медицина бөлімінде спорттық дәрігер, лор дәрігері, көз дәрігері, невропатолог, оташы, физиотерапия, кардиолог кабинеттерімен қатар спортшылардың физикалық дамуын өлшейтін антропометрия кабинеті жұмыс істейді. Жалпы қан және зәр анализдері жасалатын клиникалық зертхана бөлмесі құрғақ ыстықпен кептіру шкафы, центрифуга, микроскоп, бактерицидті лампа, ауа ауыстыру шкафы, Горяев камерасы сияқты аспаптармен жабдықталған.

2018 жылы үнемделген қаржы есебінен 195 мың теңгеге спортшылардың жүрегі электрокардиограммадан өткізілетін бөлмеге жаңа ЭКГ аппараты сатып алынды. Сондай-ақ спортшылар жарақат алғаннан кейін қайта қалпына келтірілетін емдеу-дене шынықтыру бөлмесіндегі электрофорез, УВЧ және УФО аппараттарына, швед қабырғасы, гимнастикалық таяқтар, айна, орындықтарға қосымша эспандерлер, гантельдер, фитболдар, үлкен резеңке шарлары сияқты қосымша спорттық снарядтар сатып алынды.

– Спорттық медицина бөлімінде қандай мамандар қызмет көрсетуде?

– Бөлім медициналық штаттармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда дене шынықтыру мен спортпен айналысатындарға спорттық, ЛОР, оташы, окулист, невропатолог, ЕДШ дәрігері сияқты 6 дәрігер, орта медициналық 8 персонал, бір кіші медициналық персонал қызмет көрсетуде.

Дәрігердің бесеуінің – жоғары, екеуінің – бірінші, тоғызының орта медициналық біліктілік дәрежесі бар. Оның ішінде 6 медбике – жоғары дәрежедегі қызметкерлер. Бөлімше медициналық жабдықтармен және дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген.

Бөлімнің әкімшілік қызметкерлері «Тараз-Арена» спорт сарайының қосымша жасалған үш бөлмесінде жайғасса, бөлімнің өзі «Қан орталығы» ғимаратының 395.05 ш.м. аумағын жалға алып отыр. Бұл орайда жалдау келісім-шарты бойынша тек коммуналдық төлемдерді ғана төлейтінін айта кеткен жөн.

– Әңгімеңізге рахмет!

Об авторе: Эк-Спорт


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика