пятница, 29 марта 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
12:53, 10 May 2018

МЕН ӨЗ ІСІМДІ БАСТАЙМЫН


Қазақстанда бизнесмендердің алғашқы қадамдарына қолдау көрсетілуде

«Бизнестің жол картасы-2020» шынайы құралға айналды. Оның көмегімен өз бизнесіңді дамытумен қатар кәсіпкерліктегі алғашқы қадамдарыңды жасауға да болады. Бағдарлама республика аумағында кеңінен танымал болып отыр – ол беретін жаңа мүмкіндіктер туралы естіп, жергілікті қаржы институттарына қайырылып жатқан адамдардың қатары күн санап көбеюде. Ал, олардың ісіне жергілікті атқарушы органдар, облыстың кәсіпкерлік палатасы және басқа да құрылымдар «бағыт-бағдар» беріп отыр.

Миллиардтар нақты іске

Жамбыл облысында бизнестің күрт дамығаны туралы айтуға болады. Цифрлар мен фактілер осыны көрсетеді. Мәселен, үстіміздегі жылдың қаңтар-шілдесі аралығында екінші деңгейлі банктер шағын бизнес субьектілеріне кредит ретінде 14,9 миллиард теңге берген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,8 есе көп! Күрделі құнсыздану кезеңін бастан өткерген сектор мемлекет жасап отырған жағдайлардың арқасында қайта өсім көрсете бастады. Ресми мәліметтер бойынша аймақтағы жұмыс істейтін қатысушылардың саны 59,5 мыңға немесе 10,7 пайызға өскен! Бұл бизнесмендер қатарына жаңа жобалар арқылы табыс табумен қатар мемлекетіміздің гүлденуіне өз үлестерін қосуға дайын жаңа кәсіпорындар мен адамдар қосылды деген сөз.

Нәтижесінде бүгінгі таңда шамамен 122 мың адам шағын және орта бизнес саласында еңбек етіп жатыр. Олар барлық салықтық түсімдердің 35 пайызын қамтамасыз етуде. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында ШОБ қатысушылары өндірген өнім, атқарған жұмыс пен көрсеткен қызмет көлемі 55 миллиард теңгені құрады. Ол облыстың жалпы аймақтық өнімінің 20 пайызын құрайды.

Сарапшылар мұндай өсімге елімізде бүгінгі таңда бизнесті дамытуға әртүрлі құралдардың, соның ішінде қаржылық емес қолдау шараларының көптігі арқасында қол жеткізілгеніне сенімді.

Көмекке бизнес-карта

Бұл орайда мемлекеттік бағдарламалар ерекше рөл атқарып отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері 897 жобаны қолдауға барлық құралдар бойынша 90 миллиард теңге шамасында қаржы бағытталды. Бұл еліміздегі үздік көрсеткіштердің бірі.

Жамбыл облысының Кәсіпкерлік палатасы жұмыс істеп тұрған бизнеске сервистік қолдау көрсету сияқты құрал арқылы ғана бизнес-үдерістерді қолдау бойынша сегіз мамандандырылған қызмет түрін көрсетуде. Олар – бухгалтерлік және салықтық есептілікті жүргізу, кедендік процедуралар бойынша қызметтер, заңдық қызметтер көрсету, маркетинг мәселелері, ақпараттық технологиялар, мемлекеттік сатып алулармен байланысты қызметтер көрсету саласында кеңес беру және басқалар. Бұлардың қай қайсысы да пәрменді, кәсіпкерлер арасында шынымен де сұранысқа ие құрал болып табылады.

Бизнеске сервистік қолдау Тарза қаласындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында және аудандық деңгейдегі 11 қолдау орталығында көрсетіледі. Бұл қызметтердің тегін көрсетілетінін де атап айтқан жөн.

  • Аталмыш бағдарламаның кеңінен танымалдығын бизнесмендерге қызмет көрсетудің жылдық жоспары үстіміздегі жылдың 8 айының өзінде 172 пайызға орындалғанынан-ақ көруге болады, – дейді Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Марыпбек Шакербек. – Егер өткен жылы осы кезеңде бизнестің 1740 қатысушысына 2429 қызмет көрсетілген болса, биыл 2300 қатысушыға үш мыңнан астам қызмет көрсетіліп отыр. Мәселен, 2016 жылдан бері 370 тұлғаға бизнесін ашуға, 400-ден астам кәсіпкерге рұқсат құжаттарын алуға, 104 қатысушыға 416 млн теңге қаржы алуға көмек көрсетілді.

Оның айтуынша, бизнесмендер тарапынан «Моноқалаларда, шағын қалалар мен аудан орталықтарында ақпараттық қамтамасыз ету» бағыты да үлкен сұранысқа ие. Оның шеңберінде КҚО-да жеке тұлғалар мен ШОБ қатысушыларына кеңестер берілуде. Осы жылдың 8 айында 3046 адам қайырылып, оларға 16 мыңнан астам кеңес (ал, жылдық жоспар 9120 кеңесті құрайды) берілген. Ілеспе қолдау сатысында 323 жоба тұр, оның ішінде 109 жоба бойынша қаржыландыруға қатысты 1082,1 млн теңгеге оң шешімге қол жеткізілсе, 48 кәсіпкерге бизнесті жүргізу үшін рұқсат құжаттар алу бойынша көмек көрсетілген.

  • Мәселен, Байзақ ауданындағы «Rola-Ян» БК ЖШС-ы КҚО қолдауымен 285 миллион теңге көлемінде займ алды. Сондай-ақ, Рысқұлов ауданындағы «Бай-Алғабас» ӘКК (113,7 млн теңге), Талас ауданындағы «Вкусная корзинка» ЖШС (70 млн теңге), Шу ауданындағы «Шу гуманитарлық колледжі» (32 млн теңге) т.б., кредит алуға қол жеткізді. Бүгінгі таңда бұл қатысушылардың барлығы жұмыс істеп жатыр және жергілікті нарықта белсенділік танытуда, – дейді Марыпбек Шакербек мырза.

Оқы және оқы

«Бизнес-мектеп» құрамдасы шеңберінде сегіз айдың қорытындысы бойынша 90 адам оқу бітіргеннен кейін қаржы институттарынан жалпы сомасы 427 889 000 теңге қаражат алып, 17 адам ауыл шаруашылығы, сауда, жүк тасымалы, қызмет көрсету, өндіріс, т.б., салаларда жаңа бизнес ашты, 25 адам ағымдағы бизнестерін кеңейтті (жұмыс орындарын ашты, клиенттік базаларын ұлғайтты).

Бағдарламаның басқа құралдарына да тоқталайық. «Іскерлік байланыстар» жобасына шетелдік әріптестерімен іскерлік байланыс орнатуға мүдделі компаниялардың жоғары және орта буындағы басшылары қатыса алады. Оқу үш апта жүргізіледі, оның екі аптасы – күндізгі, бір аптасы сырттай (online-семинарлар мен кеңестер) оқу. Семинарлар тегін жүргізіледі, қатысушылар тренингтер өткізілетін жерге дейін жеткізетін көлік шығыны мен жатын орынды ғана төлейді. Одан кейін олар курстарды табысты бітіргендері туралы сертификат алады және одан әрі Германияға бару үшін бағдарламаның екінші кезеңіне іріктеу байқауларына қатыса алады.

Қатысушы Қазақстаннан тәжірибеден өтетін елге бару және онда тұру шығындарын өзі көтермейді.

Осылайша кәсіпкер аздаған шығын шығарып дамыған шетелдік өндіріс орындарында болу, көрген, жинақтаған тәжірибесін кейін өз өндіріс орнында қолдану мүмкіндігіне ие болады. 2016 жылы аймақ кәсіпкерлерінен осындай оқуға 21 өтініш түсті, алты қатысушы бірінші кезеңді табысты аяқтап, сертификаттар алды. Ал, 2017 жылы 57 адам қатысуға өтініш берді.

Өз ісін бастаған бизнесмендердің әлеуетін ашуға бағытталған осы сияқты басқа да бағдарламалар бар. Атап айтқанда, «Аға сеньорлар» құрамдасы кәсіпкерлік әлеуетін халықаралық және шетелдік ұйымдармен әріптестікте арттыруға бағытталған.

2016 жылы Жамбыл облысына Канададан екі сарапшы шақырылғанын айта кетейік. Олар туризм мен қонақ үй қызметі саласында, сондай-ақ білім беру саласында қызмет көрсетті. Сарапшы Боб Тасс 10 күн бойы Тараз қаласындағы екі туристік компанияға – «Бәйтерек «Travel» Center» және «Жамбыл-Сервис» ЖШС-ларына кеңес беру көмегін көрсетті. Олар кәсіпкерлер үшін жаңа технологиялар, атап айтқанда: қонақ үй менеджменті, халықаралық маркетинг, Digital Media Integration (веб-сайт мазмұны, әлеуметтік медиа, маркетинг, мәліметтерді интеллектуалдық талдау, креативті бейнетаспа, SEO), клиенттерге қызмет көрсету, оқыту және саяхатқа арналған халықаралық маркетинг енгізді. Білім саласындағы сарапшы Джеймс Уиллиамс Шу қаласындағы «Иманалинова Ж.О» ЖК қызметкерлері үшін кеңестер мен оқу өткізді. Шет тілдерді оқыту технологиясын енгізіп, ағылшын тілін оқытудың жаңа әдістемесін көрсетті.

Үстіміздегі жылы аймақ кәсіпкерлерінен әртүрлі бағыттар бойынша шетелдік сарапшыларды тарту жөнінде бес өтініш түсті. Нәтижесінде шілде айында Шу қаласына Германиядан туризм мен қонақүй қызметі саласындағы сарапшы, бизнесмен Кай-Уве Дёхлер шақыртылды. Ол «Іске Сәт» және «Манасыпов» ЖК-нің кәсіпорындарында болып, кеңес берді. Кәсіпкерлерді шетелдік клиенттердің қатарын көбейту үшін клиенттерге қызмет көрсетуді жаңаша жүргізуге үйретті. Онымен араласып, кеңесін тыңдағандар өз бизнестеріне мүлде жаңаша қарай бастағандарын айтады. Қазір олар сарапшының кеңестері мен ұсыныстарын енгізуде.

– Бұдан түпкі есепте тұтас бизнесіміз де, тұтынушылар да ұтады – өйткені, кәсіпкерлеріміз осылайша әлемдік стандарттар мен тенденцияларға сай болу үшін өз сервистерін жақсартуға ұмтылады емес пе, – дейді Палата басшысы.

Жұмыссыздан – бизнесменге

Енді бағдарламаның «Бастау бизнес» сияқты бағытына тоқталайық. Оның шеңберінде ауылдың жұмыссыз отырған немесе өзін өзі жұмыспен қамтып отырған, ниет білдірген азаматтары кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады. Ол үшін тесттен өту керек. Топтарға іріктеу соның қорытындысы бойынша жүргізіледі. «Бастау бизнес» шеңберінде оқығандарға стипендия төленеді, бітірген соң сертификат беріледі.

2017 жылы Жамбыл облысында 1125 адамды оқыту жоспарланып отыр. Бұл пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін Байзақ, Жуалы, Рысқұлов, Меркі, Қордай және Шу аудандары таңдалған. Олардың бәрі Астанада оқып келген, тиісті сертификаттары бар бизнес-жаттықтырушылармен, сондай-ақ аудандық үйлестірушілермен, оқу аудиторияларымен, ғаламторға қосылған қажетті ұйымдастыру техникаларымен қамтамасыз етілген.

Қазіргі кезде ниет білдіргендердің төрт толқынын оқыту аяқталған, оқып шыққандардың жалпы саны 780 адамды құрап отыр. Олардың шамамен 90 жобасы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», кредиттік серіктестіктер мен «Атамекен-Тараз» микроқаржылық ұйымы тарапынан жалпы көлемі 225 миллион теңгеден астам сомаға қаржыландырылып та қойды. Қалған жобалар Кәсіпкерлік палатасының толықтай ілеспе қолдауында тұр.

Бөлінген қаражат мал өсіру мен бордақылауға бағытталып отыр. Бұлардың бәрі жаңа басталған жобалар. Мәселен, «Қанағат» ЖК «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы мүйізді ірі қараны бордақылауға 6 миллион теңге алса, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер Асқат Әлкереев – қой өсіруге, Жұлдыз Мұхамодиева жылқы өсіріп, қымыз өндіруге осыншама сомадан қаражат алған.

Бұл пилоттық жобаның Қазақстан бойынша 80 ауданда жүргізіліп, барлығы 15 мың адамның оқып жатқанын айта кету керек. «Бастау бизнес» арқылы 3 мыңдай жоба қаржыландырылуы тиіс. Бүгінгі таңда бағдарлама өз жемісін беруде, жақсы нәтижелері мен ауыл тұрғындарының оң пікірлері бар.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының өз мақсаттары мен қаражаттарын ақтап жатқаны даусыз. Бұл бағдарламаның жемісін қазақстандықтар келешекте, өз ісін бастап жатқан бүгінгі мыңдаған кәсіпкер жұмысын жолға қойып, жүздегені гүлденгенде сезінетін болады. Ал, ол жаңа жұмыс орындарының ашылуына, салық түсімдерінің артуына, тұрғындардың экономикалық белсенділігіне, түптеп келгенде еліміздің әл-ауқатының өсуіне алып келеді.

 

Об авторе: Шухрат Хашимов


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика