Яндекс.Метрика
пятница, 23 августа 2019   Подписка на обновления  RSS
пятница, 23 августа 2019   Подписка на обновления  RSS
Популярно
11:08, 05 мая 2018

ӘЛІБЕК ӘМЗЕЕВ НЕСІМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ?


Таланттар мен табынушылар

Таразда белгілі актер, ҚР мәдениет қайраткері, театртанушы және драматург Әлібек Әмзеұлының 70 жылдық мерейтойына арналған бірқатар шығармашылық кеш өтті.

Бар өмірі – театр

Актердің өмірі қашанда оқиғаларға толы. Шығармашылық адамы зейнетке шықса да тыным таппайды. Тараздық мерейтой иесі Әлібек Әмзеұлы турасында да осылай деуге болады.

Драматург өзінің егде тартқан жасына қарамастан шығармашылығын жалғастырып, сүйікті театрына пьесалар жазып келеді. Шығармашылық кештер тізбегі – әріптестері мен өздерінің сүйікті актерімен жаңа жүздесулерді күткен көрермендердің талант иесіне деген құрметтері. Бұл жолы кездесу мерейтой иесіне етене жақын жерде, өзі ұзақ жылдар еңбек еткен, басшылық жасаған Жамбыл облыстық театрында өтті. Сонымен қатар ол облыстық мәдениет басқармасын да басқарды, оның басшылығы тұсында облыс мәдениет саласының екінші тынысы ашылды деуге болады. Өйткені, оның басшылығы еліміздің тәуелсіздігі енді қалыптасып келе жатқан қиын жылдармен тұстас келді. Мәдениет саласы да ауыртпалықты аз тартқан жоқ.

Сондықтан да талантына табынушылармен кездесу барысында сансыз сыр, көп естелік айтылды. Кештің салтанатты бөлімінде мерейтой иесін 70 жасымен Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков пен облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов құттықтады. Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетовтің және ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтаулары табысталды.

Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев құттықтау сөз сөйледі. Олар халықтың Әлібек Әмзеұлын қашанда өздерінің сүйікті актері және драматургі деп есептейтінін, оны өзіне деген жоғары талапшылдығы, жинақылығы мен кәсіби шеберлігі ерекшелендіріп тұратынын атап айтты. «Дегенмен, ең бастысы – Сіздің Құдай берген табиғи талантыңыз», деді Е. Солтыбаев.

  • Менің шығармашылық қызметіме деген ынта-ықыластарыңыз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін! – деді мерейтой иесі өз сөзінде. – Кез келген әртіс үшін өнерінің, шығармашылығының халықтың, мемлекеттің тарапынан лайықты бағасын алуы ең жоғары марапат болып табылады. Мен үшін де солай.

Бұл кеште жиналғандар аймақ мәдениетін дамытуға, ұлттық салт-дәстүрімізді сақтап, нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан авторға шынайы тілектерін білдірді.

Шығармашылық ой

Осыдан кейін Әлібек Әмзеұлының «Қор болған Қодар-ай» фантасмагориясының премьерасы болды. Спектакльдегі басты кейіпкерлердің бірі Қодар батыр сүйіктісі Баян сұлуды біздің заманнан іздеп табуға тырысады. Мақсаты – ғашықтар Қозы Көрпеш пен Баян сұлудан өзінің зұлымдықтары үшін кешірім сұрау. Осы жолда өзі жолықтырған бүгінгінің Баяндарының бір де біреуінің бойынан өз заманындағы ару Баянға тән қасиеттерді көре алмай қиналады. Ә, дегеннен баурап алатын тосын әрі аса қызықты пьеса көрерменді соңына дейін әсерде ұстайды.

Ілгеріде Әлібек Әмзеұлы драматург Елен Әлімжанның пьесасы бойынша эксцентрикалық комедия жанрындағы «Әр қазаққа – бір қатын» спектаклін қойған болатын.

Комедиялық сюжетте бір үйде тұратын көршілердің өмірі баяндалады. Көп ақша табу, әрине, жақсы, бірақ, баланың күлкісі естілмеген үй – бос, өлі үй. Екінші, үшінші, тіпті, төртінші әйел алуға, мықты болып көріну үшін ол турасында заң да шығаруға болады… Бірақ, сүйікті күйеуі үшін өзінің жалғыз да қайталанбас жан емес екендігін білетін әйелдің жан күйзелісін қандай заңмен жеңілдетуге болады?!! Спектакльде ұлттық салт-дәстүрлеріміздің ұмытылып бара жатқаны, ана тіліне менсінбей қарау мәселелері де көтерілді.

  • Қойылым идеясы көптен бері мазалап жүрген, – дейді Әлібек Әмзеұлы. – Сахнадан жынысына, ұлтына, тіліне қарамастан әр адамның жанына жақын жайлар айтылса деген ой болды. Өйткені, біз, адамдар бәріміз бірдейміз ғой. Ол үшін біз пьеса барысында залға көрермендердің жан дүниесіне бағытталғандай өткір жарық бердік. Актерлеріміз залға түсіп,   көрермендерге тікелей қайырылды, көрермендер де қатыса алатындай диалогтар жүргізді.
  • Жас актерлар саз балшық сияқты, – дейді қоюшы режиссер, – не қаласаң, соны жасауға болады. Олар икемді, жылдам, қалыпта қатып қалмаған. Олармен жұмыс істеу де қызықты.

Әлібек Әмзеұлы Талас ауданының және Тараз қаласының Құрметті азаматы. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Об авторе: Эк-Спорт


Leave a Reply

Свидетельство о постановке на учет № 16334 – ИА выдано Министерством информации и коммуникаций РК 3 февраля 2017 года
Главный редактор - Ефимова Е. В.

© 2019 Эк-Спорт